«ЖАС ҰРПАҚҚА ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМДІ ҚАТАР БЕРУ – ҰСТАЗДАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН БАСТЫ ТАЛАП»

116

Төле би атындағы жалпы орта мектептің директоры Халдар Османов:

«ЖАС ҰРПАҚҚА ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМДІ ҚАТАР БЕРУ – ҰСТАЗДАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН БАСТЫ ТАЛАП»

Білімнің шамшырағын жағып, нұрын таратқан мектепті халық қашаннан қадір тұтады. Ел басына күн туған небір қиын замандарда да мектептің отын сөндірмей, болашаққа жалғап отырған. Мектеп халық жүрегінде үміт отын жағып, болашаққа деген сенімін ұялатты. Әрбір ауыл мектебі білім мен мәдениеттің орталығы, ел бірлігінің алтын қазығы болды. Қазақ мектебі – халқымыздың ұлттық асылдары мен қазыналарын сақтау, дамыту мен болашаққа аманаттаудың кепілі. Өткен ХХ ғасырдың басында Алаш ардақтыларының бірі Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі…» — деген болатын. Жақында Төле би атындағы жалпы орта мектептің директоры Халдар Османовқа жолығып, білім ошағының тыныс-тіршілігімен таныстық.

Түркістан қаласынан жеті шақырым жерде Шобанақ ауылы орналасқан. Бұл елді мекенде тұрғындар сонау ғұлама сопы Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген заманнан мекендеп келеді. Себебі, осы жерде Қожа Ахмет Ясауидің замандас достарының бірі Имам Марқозы (Көк тонды ата) халыққа дінді насихаттаған. Кеңес одағы кезінде елді мекен Еңбекші дихан деп атала бастады. 1970-1982 жылдары білімді де білікті азамат, марқұм ұстаз Аманұлла Тажибаев асарлатып мектеп ғимаратын салды. Өз тарихы барысында мектеп Жданов, Хамза атымен аталса,1993 жылдан бері қарай «Шобанақ» орта мектебі деп аталып келді. Ал,  биылғы жылдан бастап Төле би атындағы жалпы орта мектеп болып атауы өзгерді. 1955-1989 жылдары мектепке Аманулла Тажибаев басшылық жасаған болса,1989-2004 жылдар аралығында Турметов Егемберді Турметұлы мектеп директоры қызметін атқарды. 2005-2012 жылдары Шобанақ орта мектебінің директоры Наршабаев Зубайдилланың еңбегінің арқасында мектепте спорт кешені және 3 қабатты жаңа мектеп ғимараты бой көтерді.

Мектеп ашылғалы бері қаншама ұлағатты ұстаздар ел перзенттеріне білім нәрін беріп келеді және өздерінің міндеттерін абыроймен атқаруда.

Еліміздегі ертеңгі тізгін ұстар, Отанын ғаламдық дамудың көшінен қалдырмай өрге шығарар азамат тәрбиелеу ұстаздарға жүктелген аса маңызды да жауапты міндет. Осы жауапты міндеттің үдесінен табылып, жаңа заманның ауыр жүгін қайыспай көтере білген ұстаз, басшы Османов Халдар Асенұлы 2018 жылдан бері мектеп директоры қызметін атқарып келеді. Қазіргі таңда мектепте 713-ге жуық оқушы білім алуда. Оқушылар екі ауысыммен оқиды,сабақтар қазақ және өзбек тілдерінде оқытылады. Жалпы мектепте 122 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 89 педагог шәкірттерін аянбай білім нәрімен сусындатуда.

Мектептің педагогикалық ұжымы оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде тынбай еңбек етіп келеді. Мектептегі педагогикалық ұжым мектептің оқу-тәрбие үрдісіне жаңа мазмұн беру арқылы жан-жақты дамыған, жеке тұлғаны тәрбиелеу мәселесі бойынша тәрбие мен білімді ұштастырып, шығармашылықпен жұмыс атқаруда. Атап айтар болсақ, бұл білім мекенінде 3 педагог-шебер, 16 педагог-зерттеуші, 15 педагог-сарапшы, 35 педагог-модератор, 7 магистр біліктілік санатына ие мұғалімдер еңбек етеді.

Мектеп оқушылары мұғалімдердің ізденімпаздылығы мен еңбектерінің арқасында халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары атанып келеді. Әрине, ұстаздық жолында үлгі тұтатын мектепте еңбегі сіңген ұстаздар да баршылық. Атап айтсақ, 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың қатарында Аметова Огул, Абухаликова Сабахат, Убайдуллаев Бахадир, Саркулова Шакира, Убайдуллаева Гулчехра, Абдураимова Аширай болса, әртүрлі байқау олимпиадаларда оқушылары топ жарып келе жатқан ұстаздар директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Абдурасул Умаров, Мухаббат Хатамбаева, Тажихан Азимова, Абдуқадир Умаров, Илхам Жұмабаев, Османов Бабирхан, Умарова Бибихадиша, Бағлан Есей, Әбдрей Аймандарды айтуға болады.

«Ұстаздың жемісі – шәкірттің жеңісі», демекші халқымыздың болашағы – бүгінгі ұрпағы. Болашақ мемлекетіміз ұрпаққа деген сабақтастықтан туындайтын дүние болғандықтан, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені даусыз. Бүгінгі жастарды қоғамдық өмірден еш уақыт қол үзбей, өз елін сүюге, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын білуге тәрбиелеу бүгінгі педагог қызметкерлерінің алдында тұрған зор міндеттерінің бірі.

Қай ғасырда болсын ұлт өмірін өркендетуші саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндеттерінің бірі. Ұлтымыздың болашағын ойлаған Алаштың ардақтылары мұны әрқашан ескеріп отырған. Қазақ халқының ұлы перзенті Мұстафа Шоқай «Ұлттың мәдениеттен жұрдай рухпен тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жақтайтын пайдалы азамат шықпайды»,- деп ұлт болашағын ұлттық рухта тәрбиелеу керектігін көрсеткен.

Аталмыш мектеп мұғалімдері ізденуді тоқтатпай өз білімдерін ұдайы шыңдап, шәкірттерімен бірге биік шыңдардан көрініп келеді. Осы орайда мектеп басшысы Халдар Османов жетістік биігінен көрінген оқушылар мен ұстаздар туралы өз ойын жеткізді

— «Биылғы оқу жылында бірқатар оқушыларымыз түрлі сайыстарға қатысып , жүлделі орындардан көрінуде. Атап айтар болсақ, «Дарын»республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен тарих пәнінен өткізілген «Тарих ата» олимпиадасында 35 оқушы 1,2,3 орындарды иеленді». Сонымен қатар, «Абайтану» республикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде 9-сынып оқушысы Бекполатова Зухра 3-орын,5-9 сынып оқушыларының арасында өткізілетін «Тіл-мемлекет тәуелсіздігінің нышаны»атты өзге ұлт өкілдеріне арналған республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде 6-сынып оқушысы Абусаттарова Жасмина 2-орын, 9-сынып оқушысы Абдусаттарова Нигора 3-орынды иеленіп қайтты. Аудандық «Мұқағали оқулары» байқауынан 11-сынып оқушысы Абдиманнапова Мухлиса 2-орын, «Қазақ хандығының басқару жүйесі және қазақтың үш биі» тақырыбындағы сурет байқауында Байметова Севинч 2-орын иеленді. Аудандық «Тарихи қажеттілік дүниеге әкеліп, заман қажеттілігі кіндігін бірге кескен билер «атты шешендік сөздер мен толғауларды жатқа мәнерлеп айтудан 9-сынып оқушысы Сулеймен Дияна 2-орын, 9-сынып оқушысы Бекполатова Зухра 3-орын иеленді. Облыстық математика пәнінен ұйымдастырылған «Алтын сақа» олимпиадасынан 3-сынып оқушысы Нематжан Нұржан 3-орын, 4-сынып оқушысы Балтабай Мұқадас 2-орын, 4-сынып оқушысы Махмұд Нұрай 2-орынды иеленді. Облыстық «Бастау» олимпиадасына Мухаметжан Давлатбек қатысып 3-орын, 2-сынып оқушысы Иса Бекнұр жүлделі 2-орын иеленді.

6-сынып оқушылары арасында өткізілген республикалық ауыл балаларына арналған «Мың бала» олимпиадасына қатысқан Нусратуллаев Нурсултан үздік 1000 бала қатарына енді.

11-сынып оқушыларына арналған республикалық «Яссауитану» олимпиадасына 11-сынып оқушысы Мұратов Нурдаулет қатысып ХҚТУ грантын жеңіп алды.

Облыстық ғылыми жоба байқауында 10-сынып оқушысы Марик Мафтуна «Қазақ қоғамындағы би шешендер мұрасы» атты ғылыми жоба байқауында жүлделі 1-орынды иеленді.

Облыстық «І.Жансүгіров оқулары» байқауында Жұмабаев Нурдаулет 1-орын, «Ұлы тұлғаға арнау» бағыты бойынша Абдуллаев Руслан 2-орынды иеленді.

«Мағжан оқулары» бойынша 9-сынып оқушысы Бекполатова Зухра мәнерлеп оқу кезеңі бойынша 1-орын, 9-сынып оқушысы Абдуллаев Руслан ақындық кезеңі бойынша 2-орынға ие болды.

Республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының аудандық кезеңінде оқушылар «Білгірлер бәйгесі», «Жас қаламгер», «Сөз шеберлері», «Әнші бұлбұлдар», «Бейнелеушілер» бағыттары бойынша 1, 2, 3-орындарды иеленді.

Аудандық 9-11 сынып оқушылары арасында өткізілген пәндік олимпиадада 24 оқушы жүлделі 1,2,3 орындарды иеленсе, облыстан химия пәні бойынша Мұхамедраимов Рамазан жүлделі 2-орынға ие болды. Облыстық 5-6-сынып оқушылары арасында өткізілген пәндік олимпиадада 6-сынып оқушысы Көпжасарова Еркенұр биология пәнінен жүлделі 2-орынға ие болды. Аудандық 7-8-сынып оқушылары арасында пәндік олимпиададан 7-сынып оқушысы Исматуллаев Хусниддин жүлделі 1-орынды иеленді.

Аудандық «Абай» оқулары байқауында 4 оқушы 2,3 орын иеленді.

Республикалық «El umiti» бастамасын іске асыру аясында елімізде талантты жастарды қолдауға бағытталған «Елбасы медалі» жобасына қатысып, қола медальді 11-сынып оқушысы Абдиманнапова Мухлиса мен Бекполатова Зухра жеңіп алды.

Республикалық «El umiti» бастамасын іске асыру аясында елімізде талантты жастарды қолдауға бағытталған «Оқуға құштар мектеп» аясында өткізілген байқауда 9-сынып оқушысы Бекполатова Зухра 1-орынды иеленді.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз. Жас ұрпақты жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейін жоғары етіп қалыптастырып, рухани- адамгершілік тұрғысынан тәрбие мен білімді қатар беріп, білімді терең игерудің бірден-бір жолы- заманауи тиімді әдіс-тәсілдер арқылы шығармашылыққа жетелеу — бүгінде ұстаздарға қойылатын басты талап. Мектебіміздің ұстаздары республикалық, облыстық, аудандық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.

Атап айтсақ, оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары Абдурасул Умаров «Үздік оқу ісі орынбасары – 2022» номинациясын жеңіп алды. «Үздік қосымша білім беру педагогі-2023» байқауынан Азимова Гулхае 2-орын иеленді. «Өнерлі ұстаз» байқауында бастауыш сынып мұғалімі Әбдрей Айман 1-орынға ие болды. Халықаралық өрлеу, өркендеу ғылыми ақпараттық танымдық – тәрбиелік журналының ұйымдастырылуымен өткізілген «Үздік педагог» байқауына қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Абсадыкова Алима, Исмаилова Нигора, Исмаилова Гузал 1-орынды жеңіп алды.

Мектептің 2023-2024 оқу жылындағы спорт түрлерінен жеткен жетістіктері де жетерлік. Оқушыларымыз мектеп ұлттық лигасына қатысып, көптеген нәтижеге қол жеткізді. Айтар болсақ, аудандық, облыстық мектеп лигаларынан футбол, баскетбол, валейбол, гандбол ойындарынан жоғары нәтижеге қол жеткізді. Атап айтсақ, футболдан III орын ұлдар арасында, валейболдан I орын қыздар, III орын қыздар, баскетболдан II орын қыздар, гандболдан II орын ұлдар еншілеп қайтты. Сауран ауданы бойынша жалпы командалық сайыста валейболдан қыздар арасында I-орынды иеленді. Айтулы спорттық жарыстарға баптаған мұғалімдеріміз — Б.Убайдуллаев, Ш.Абдуримов, У.Турманов, Б.Жумабаев, А.Мусаев, Ғ.Омаров, Р.Пирметов, А.Турметовтердің еңбектері зор.

«Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы» деп Әбу Насыр Әл Фараби бабамыз айтқандай, мектебімізде тәрбие жұмыстары 8 бағыт бойынша жүзеге асырылып келеді. Кәмелет жасқа толмаған оқушылар арасында құқық бұзушылықтың тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында Сауран аудандық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің теолог мамандарымен, қоғамдық келісім КММ-ның мамандарымен дін мәселелері зерттеу орталығының теолог мамандарымен оқушылар арасында кездесулер өткізіліп тұрады. Сол өткізіліп тұрған іс-шаралардың нәтижесінде мектебімізде құқық бұзушылық жағдайлар мүлдем орын алмады», — дейді мектеп директоры. Айтпақшы, мектеп директоры Халдар Османовтың өзі де аудандық байқауда «Үздік мектеп — басшысы» атанған.

 

Р.S. Ел ертеңі бүгіннен басталатынын терең түсінген дана халқымыз ежелден «Бала – өмір жалғасы» деп біліп, бала тәрбиесіне жақсы көңіл бөлген. Білім,тәрбие жолы ұзақ жол. Сондықтан оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға даяр, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын педагогтар ғана бүгінгі қоғамның мүддесі мен талабын орындай алады. Ойы жүйрік, ақылы жетік, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім жеке тұлғаны тек қана жаңа тұрпатты педагог қалыптастыра алады. XXI ғасыр — бәсеке ғасыры. Ендеше, ұлағатты ұстаздар білімдеріңіз бен қажыр-қайраттарыңызды кемелденген рухани- адамгершілікті тұлғалы шәкірттерді тәрбиелеуге арнап, «Ұстаз» деген атқа лайықты қызмет ете беріңіздер.

Бетті әзірлеген:

Ләззат САРЫБАЕВА.