АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ИМАМДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

152

Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев аудан аумағындағы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарасты имамдармен кездесіп, пікір алмасты. Ауданның бас имамы Бауыржан Ақауов бүгінгі таңда Сауран ауданы бойынша діни ахуал жайлы кеңінен баяндап өтті. Сауран ауданында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарасты — 37 мешіт, 16-намазхана жұмыс істейді. 37 мешітте 56 діни қызметкер жұмыс жасайды.

Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ауданға қарасты барлық мешіттер мен намазханалардың құжаттарын заңдастыру мақсатында тез арада рәсімдеу керектігін айтты. Бұл бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, мешіттерге бейне бақылау камераларын қою мәселесі сөз болды. Бүгінгі күнге дейін көптеген мешіттерде бейне бақылау камералары қойылмаған екен. Осы бойынша ауылдық окрутердегі жеке кәсіпкерлерді тарта отырып, жұмыс жүргізу қажеттігін мәлім етті.

Сонымен қатар, имамдарға мешітке келетін жамағатқа, түрлі деңгейдегі астарда елді бірлікке, ынтымаққа шақыруда жүйелі жұмыс жүргізу керектігі нақтыланды. Осы орайда, дін өкілдерінің қоғам алдындағы міндеттері, жамағатты жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарып, қоғамдық істерде белсенділік таныту керектігі айтылды. Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев дін өкілдері тарапынан айтылған барлық ұсыныстарына қолдау көрсететінін жеткізді.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі