«БЮДЖЕТТІҢ ОРЫНДАЛУЫ БОЙЫНША КІРІС КӨЗДЕРІН ҰЛҒАЙТУ КЕРЕК»

100

Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың қатысуымен ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Алдымен ветеринария саласындағы өзекті мәселелер туралы аудандық ветеринариялық қызмет мекемесінің директоры Гүлжан Бөрібаева, Түркістан қалалық аумақтық инспекция басшысы Полатбек Мұсаев, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұрдулла Мырзагелдиев баяндама жасады.

Гүлжан Серікқызының мәлімдеуінше ауданға қарасты 12 ауылдық округтерді ветеринариялық бекеттермен қамтамасыз ету, сібір жарасының алдын алу, Беккери шұңқыры бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу керектігін атап өтті.

Бұдан соң Сауран ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Шәкір Кәрімбаев жергілікті бюджеттің кірістері бойынша 2023 жылдың қорытындысымен болжамды орындалуы және 2024 жылға жоспар көлемін ұлғайту туралы хабарлама жасады. Онда жергілікті бюджет бойынша 2023 жылдың 10 айында жоспар 3408757 мың теңге болса, нақты түсім 3419864 мың теңгені құрап, орындалуы 100,3 пайызды құраған. Жергілікті бюджет түсімдерін ұлғайту және қосымша кіріс көздерін анықтау бойынша талдау жұмыстарының нәтижесінде кіріс көздерінен 133560 мың теңге анықталып, бюджетке толығымен өндірілгенін жеткізді.

Мәжілістің күн тәртібі бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тажыбеков пен Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердалы Баймұратовтың 2023 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалды.

Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.