АҚПАРАТТЫҚ ТҮСІНДІРУДІҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

297

Дін бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Уақытқа және заманауи қоғамның кейбір құбылмалы кезеңдерінде өзектілігі көбеюде. Мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндірудің ең тиімді тәсілі – ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу.

Діни мәселелерге қатысты АТТ жұмысының өзектілігі конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету, қоғамның назарын дін саласындағы мәселелерге аудару және оларды бірлесіп шешуге жұмылдыру саясатын жүзеге асыру бойынша маңызды орнымен байланысты.

АТТ қызметінің мақсаты – білікті сарапшылар тарапынан дін саласына қатысты толық және сенімді ақпарат алу бойынша азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ діни экстремизм мен терроризм идеялары таралуының алдын алу жұмыстарын жүзеге асыру.

Дін саласындағы АТТ жұмыстары арнайы заң аясында және еліміздегі құқықтық-нормаларға сүйене жұмыстарын атқарады. Дін саласына қатысты АТТ қызметі келесідей нормативтік-құқықтық актілер арқылы реттеледі:

– Қазақстан Республикасының 1995 жылдың 30 тамызында қабылдаған Конституциясы;

– Қазақстан Республикасының 2011 жылдың 11 қазанындағы № 483-IV «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы;

– Қазақстан Республикасының 2005 жылдың 18 ақпанындағы № 31-III «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңы;

– Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі N 416-I «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңы;

– Кезең-кезеңге байланысты мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыратын бағдарламалар және тұжырымдамалар, нұсқаулықтар.

АТТ жұмыстарын жүргізу қоғам арасында кездесетін дін саласындағы түрлі түйткілді мәселелердің алдын ала алады. Түсіндірме жұмыстары арқылы түрлі контингент өкілдерімен кездесе отырып, олардың көкейлерінде жүрген түрлі сауалдар мен сұрақтарға жауаптар беріліп, жөн сілтеп, жол корсетіп жатқан жағдаяттар аз да емес.

АТТ мүшелерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау – уақыт талабы. Ғаламтор мен әлеуметтік желі үстемдік еткен қоғамда адам өзін-өзі жетілдіру, жаңа технологияларды меңгеру мәселесі де өте өзекті.

Жалпы дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысының мақсаты – мемлекеттің дін саласындағы саясатының түрлі аспектілері бойынша қоғамдық пікір қалыптастыру. Сондай-ақ қоғамдағы зайырлылық сана-сезімін нығайту, азаматтар мен қоғамды сыртқы әртүрлі жалған ақпараттан қорғауды қамтамасыз ету және халық санасында еліміздің болашағын зайырлылық қағидаларына негіздеу қажеттілігі.

Елімізде АТТ жұмыстарын жүргізу бірізділікке қойылған. Яғни, республикалық, облыстық, қалалық және аудандық арнайы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізетін топтар бар. Әр топтардың өзіндік жұмыс аймағына сәйкес халық арасында, мемлекеттік мекемелерде, жоғары білім беретін оқу орындарында және мектеп қабырғаларында арнайы мемлекеттің дін саласындағы саясатын, дін мен дәстүр арақатынасы, деструктивті діни ағымдар және ғаламтор, әлеуметтік желілердегі уытты уағызшылар турасында ақпараттар беріп өз деңгейінде ақпараттық-танымдық кейстар ұсынуда.

Түркістан облысында арнайы ақпараттық-түсіндірме топтары жасақталып, әр түрлі тақырыптарға байланысты жұмыстарын атқаруда. 1 – облыстық, 17 – қала-аудандық АТТ кездесулер өткізеді.

Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ тарапынан арнайы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Облысымыздың барлық қала-аудандарында арнайы бекітілген жұмыс кестелеріне сәйкес кездесулер өткізіледі. Орталық тарапынан 2022 жылы жалпы 992 кездесу өткізілсе, ағымдағы жылдың он айының қорытындысы бойынша 1155 кездесу өткізілді. Өз кезегінде мамандарымыз аталған кездесулерде деструктивті дін ағымдардың қауіптілігі, шет елдерде діни білім алудың зиянды тұстары, ұлттық құндылықтар және де т.б. тақырыптар бойынша кездесулер өткізіп, тыңдаушы тараптан қойылған түрлі сұрақтарға жауаптар беруде. Әлеуметтік желілер және сенім телефоны арқылы хабарласқан облыс тұрғындарына да бағыт-бағдарлар беріліп, арнайы жұмыстар жүргізілуде.

Қорытындылай келе, экстремизм және терроризм, деструктивті діни ағымдардың қауіптілігі және де басқа мәселелер бойынша АТТ жұмыстарының алатын орны ерекше. Мемлекеттің дін саласындағы негізгі саясатын қарапайым халыққа жеткізуде және түсіндіруде өте оңтайлы әдіс болып табылады. Қоғамдағы оңалту жұмыстарымен қатар, ақпарттық-танымдық жұмыстардың нәтижелі екендігі талай жылдардан бері анықталып жатыр. Өскелең жас ұрпақты қандай да бір қауіптен құтқару және рухани имунитетті бойына сіңіруде АТТ жұмыстарының маңызы өте ерекше.

Айбек ТАҒАЙ,

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы м.у.а.