ӘМБЕБАП СПОРТ КЕШЕНІ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН
Бабайқорған ауылдық округіндегі құрылысы басталған кешенді спорт сарайының құрылысы аяқталып, жаңа жылға қарай пайдалануға беру жоспарланып отыр. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, ауылдағы бұқаралық-көпшілік спортты дамыту мақсатында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын «Элит Инвест-Б» ЖШС жүргізіп жатыр. Екі жылдан бері құрылыс жұмыстары тоқтап қалған спорт кешенінің құрылысы қайта басталды.
Қазіргі таңда спорт кешенінің ішкі жұмыстары толық аяқталған. Сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров есепті кездесуден кейін кешеннің құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Құрылыстың жапсарын баяндаған жауапты мердігер кешенді жыл соңына дейін тапсыруға уәде берді. Аудан әкімі кешеннің ауласын абаттандыруды тиісті мекемеге тапсырды. Сонымен қатар, кешен ауласынан заман талабына сай футбол алаңы салынады. Жоспар бойынша спорт кешенінде волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, еркін күрес тағы басқа спорт түрлеріне арналған залдар болады, сәйкесінше секциялар ұйымдастырылады.
ЖІБЕК ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАР
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров түстен кейін есепті кездесуін Жібек жолы ауылдық округінде жалғастырды. Кездесуде аудан әкімі Жібек жолы ауылдық округінде алдыңғы есепті кездесуде көтерілген мәселелерге тоқталып, ол бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті.
«Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасын табатын болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу көзделуде. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарамыз», — деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.
Ауыл тұрғындары тарапынан Жібек жолы елді мекеніндегі Жалпақсай көшесіне тас төсеп беруін, жарықтандыру мәселесі айтылды. Сонымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша келер жылға Жібек жолы ауылдық округі енсе деген ұсыныстарын білдірді. Сырдария бойындағы шабындық жерлерді ауыл әкімдігіне қайтарылса, ауданға жазғы маусымда балалар демалатын жазғы демалыс орнын салу қажеттігін, қарияларға арнап, әр ауылда оңалту орталығы ашылса деген ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Аудан әкімінің ауылдық елді-мекендердің тұрғындарымен кездесуде алдынан шығатын маңызды мәселелердің бірі егістікке ағын суларды жеткізу жайы. Себебі, су тоғандары мен қоймалары ескі, бетонды (лотоктар) арналар шұрық-тесік. Соған орай, Жібек жолы округінің диқандары Арыс-Түркістан каналы арқылы егістік алқаптарына ағын суды жеткізу жөнінде ұсыныс білдірді. Жібек жолы ауылдық округіне Түркістан магистралды каналы арқылы ағын су 2004 жылға дейін ерте көктем және күз айларында күздік егістік алқабына су берілген болатын. Қазіргі таңда, Түркістан магистралды каналы арқылы ағын су беріліп жатқан жоқ. Себебі, Бөген су қоймасынан келетін егіс көлемі ұлғайған. Осыған байланысты, үстіміздегі жылы Сауран ауданының маслихат жиналысында «Тұран су» мекемесінің орынбасары мен «КазСуШар» РМК мекемесінің инженерінің қатысуымен, «КазСуШар» РМК мекемесінің теңгеріміндегі Р-46, Р-47, Р-48 каналдарын «Тұран су» мекемесінің теңгеріміне өткізу және Р-45 каналынан бастап 80 см биік орналасқан жерлерді төмен түсіріп, механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуге келісім берілді. Бұл жұмыстар жүргізілген жағдайда, Жібек жолы ауылына ағын су таратылатын болады.
Суармалы жердегі скважиналық құдықты заңдастырып беру мәселесі туралы да айтылды. Егістік жерде орналасқан тік ұңғымалар Жібек жолы ауылдық округі әкімдігінің коммуналдық меншігіне заңдастырылған. Ағын суды егістік жерге пайдалануға мүмкіндік бар.
Тұрғындар әкімнен Сырдария өзені бойында орналасқан 664 гектар суармалы жерге баратын суландыру жүйесі бетонды лотоктың заңды меншік иесін анықтап, жөндеуден өткізіп, іске қосып беру жөнінде ұсынысын білдірді.
Аудан әкімінің баяндауыша, Сырдария өзені бойында орналасқан 18,85 шақырымдық бетонды арықты Жібек жолы ауылдық округі әкімдігі тарапынан коммуналдық меншікке алынған мемлекеттік актіні Сауран ауданына өзгеріс жасап, техникалық төлқұжат пен мемлекеттік қабылдау актісін жасақтауға ауылдық округі әкімдігіне тапсырма берілген. Құжаттар толық рәсімделгенен кейін «Тұран су» мекемесіне немесе сенімгерлік басқаруға беру жолдарын қарастырылатын болады.
Ауыл тұрғындары пайдаланылмай келген жекеменшік жайылым жерлерді ауылдың ортақ жайылымына қосу барысында ауылға алшақ орналасқан жерін алмаса деген ұсынысын жеткізді. Ауыл округ әкімі аппараты және жергілікті қауымдастықтың жиналыс хаттамасы негізінде келісілген жайылымдық жер телімдерін мемлекеттік мұқтаждығына ала отырып, ауыл әкімі аппараты теңгеріміне ортақ жайылым үшін сәйкестендіру актісі рәсімделеді. Қалай болғанда да, ортақ жайылымды таңдау барысында жергілікті тұрғындардың пікірлері ескерілетін болады.
Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан айтылған барлық мәселелер бойынша әрбір сұраққа дер кезінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауап беріп, тиісті бөлім басшыларына нақты тап-сырмалар беріп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
МАЙДАНТАЛДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бекітілген кестеге сәйкес, Майдантал ауылдық округінің тұрғындарымен есепті кездесуін өткізді. Кездесуді Майдантал ауылдық округінің әкімі Жандос Досболов ашып, жүргізіп отырды.
Аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы ауыл тұрғындарының алдыңғы кездесуде көтерілген мәселелері бойынша жеке дара тоқталып, атқарылған жұмыстарды баяндап өтті. Сонымен бірге ауылдық округі бойынша бүгінгі таңға атқарылған және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарды атап өтті. Бұдан бөлек, алдағы 2024 жылға аудандық бюджетке ауылдық округтегі өзекті мәселелерді енгізу бойынша ұсыныс пікірлері жүзеге асатынын жеткізді.
Ауыл тұрғындары тарапынан су жиналатын Тоғанның мәселесі бұған дейін де көтерілгенін айтып, ағын судың жоқтығын, тас арықтар ескіргендігін, соларды жаңартуын сұрады. Сонымен бірге жергілікті тұрғындар табиғи газбен қамту мәселесін алға тартты. Елді мекен ішіне адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейне бақылау камералары, мен бағдаршамдар орнатылса деген ұсыныстарын жеткізді. Егізқара елді мекеніне жол салу, электр жарығы бойынша мәселе де айтылды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан айтылған барлық мәселелер бойынша аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, шешу жолдарын қарастырды. Жиын соңында аудан әкімі жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың жеке сұрақтарына назар аударып, айтылған мәселелерді зерделеп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.