БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚТЫҢ БІРЛІГІ — САУРАННЫҢ СЕРПІНДІ ДАМУ КЕПІЛІ
БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚТЫҢ БІРЛІГІ — САУРАННЫҢ СЕРПІНДІ ДАМУ КЕПІЛІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өңірдің батыс жағындағы ауыл тұрғындарымен есепті кездесулер өткізді.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер.
Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше.
Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды.
Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет», — деген болатын.
БАБАЙҚОРҒАННЫҢ БАҒДАРЫ БАЙЫПТЫ
Сауран ауданның әкімі Мақсат Таңғатаровтың есепті кездесуі Бабайқорған ауылдық округінің тұрғындарымен өтті. Алдымен әкім өткен есепті кездесуде көтерілген өзекті мәселелердің орындалу барысын баяндап өтті. Қазіргі таңда Абай елді мекеніндегі Көксарай көпіріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келісім-шарт құны – 6,8 млн теңге. Бабайқорған ауыл округіндегі қоқыс полигонының аумағына қоршау орнату жұмыстары жүргізілген. Келісім-шарт құны – 7 млн теңге. Бабайқорған елді мекеніне воркаут, балалар алаңшасы, футбол алаңшасын орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Келісім-шарт құны – 18,1 млн теңге тұрады. Көше жарық шамдары бағаналарын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Айта кету керек 109 байланыс жүйесіне тұрғындардан түскен хабарламалардың басым көпшілігі ауыз су мен электр жарығына қатысты болып отыр. Аудан әкімінің айтуынша, ағымдағы жөндеу жұмыстары келесі жылдың І-тоқсанында толық аяқталады. Аудан бойынша 67 су айдайтын сорғы моторлары жаңартылды.
Тұрғындардың хабарлауынша, ауыл ішілік 117 көше тас төсеуді қажет етеді. Көшеге тас төсеу жұмыстары да келесі жылдың І-тоқсанына дейін аяқталады.
Аудан бойынша 1132 үйдің заңсыз салынғандығы анықталған. Оның 16-сы Бабайқорған ауыл округінде. 6 жер иеленушінің 1147 гектар жерін елді мекеннің ортақ жайылымына қайтару жұмыстары жүргізілуде. Бабайқорғандағы басты мәселе байланыс жүйесі. Аудан тұрғындары байланыстың нашарлығы туралы жиі шағымданады. Тиісті мекемеге халықтың мұқтажы жетті. Анықтап, зерттеп, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде байналыс операторларына заңды түрде шара көрілді.
-Түйткілді мәселені шешуге сылтауды тізбектемей, нақты шешу жолдарын ұсыну қажет. Атқарылуы тиіс жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Бабайқорғандық шаруалар бұған дейін ағын су мәселесін ұдайы көтеріп келеді. Ауданда 9 су арнасының 4-уі күрделі жөндеуді қажет етеді. Құрметті тұрғындар! Менің сіздерден жасыратыным жоқ. Кез-келген мәселені сіздермен кездесуге келгенде ғана айтпай, күнделікті хабарлап отырсаңыздар, мәселе қордаланбайды, — деп жиынды қорытындылады аудан әкімі.