ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ СЕРВИСТІК ТӘСІЛДІ ЕНГІЗУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

179

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Астана қаласындағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бағдарламалар офисінің қолдауымен бүкіл республика аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілдерді енгізу тетіктерін масштабтау міндетін қойды.

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру және Түркістан облысының аумағында пилоттық жобаны масштабтау мақсатында барлық аудан, қалаларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топтар құрылып, жарғысы, жұмыс жоспары бекітілген болатын.

Осы орайда, 2023 жылдың 13 қаңтарында Сауран ауданы әкімдігінің жанынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ құрылып, жарғысы, жұмыс жоспары бекітіліп, қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсіл — бұл азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қылмысқа қарсы тиімді күрес жүргізу және халықтың билік органдарына сенімін арттыру үшін мемлекеттік органдар мен қоғамның тығыз ынтымақтастығын білдіретін ұйымдастырушылық стратегия. Аталған жоба үздік халықаралық тәжірибе мен азаматтық қоғам ұсыныстары, сондай-ақ Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) ұсынымдары «полиция мен қоғам арасында серіктестік құрудың үздік тәжірибесі» негізінде әзірленген. Ол мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін орнату және қалалар мен елді мекендердегі қауіпсіздік деңгейін арттыру бөлігінде мемлекеттік саясатты толыққанды іске асыру, сондай-ақ қоғамның сын-тегеуріндері мен сұрау салуларына «еститін», «тыңдайтын» мемлекеттің бейнесін қалыптастыру бойынша бірыңғай мақсаттарды біріктіреді.

Осыған орай, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың тапсырмасына сәйкес, аудан әкімі аппаратының заң және құқық қорғау органдарымен жұмыс жүргізу бөлімінің бас инспекторы, топ жетекшісі Қайрат Әлімбет бастаған ведомствоаралық топ мүшелері, құрамында Сауран аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұрбек Басқараев, Сауран АПБ ЖПҚБ-нің учаскелік полиция инспекторы Талғат Оңбаев және Сауран аудандық орталық емханасының психолог маманы Айнур Мусабекова Сауран ауданына қарасты Майдантал және Жібек жолы ауылдық округтерінде орналасқан Ынталы, Сауран елді мекені тұрғындарының қатысуымен жиналыс өткізілді. Онда ауданда құрылған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу бойынша кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиналыс еркін форматта, сұрақ-жауап негізінде өткізілді. Жергілікті тұрғындардың ұсынысы назарға алынып, хаттамаға енгізілді.