«БІЗ ҮШІН ТҰРҒЫНДАР СЕНІМІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ»

131

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров апталық мәжілісте осылай деді. Әкім сөзінде негіз бар. Ауыл әкімдері тұрғындар мәселесін дер кезінде шешілуін қамтамасыз етулері тиіс. Коммуналдық қызмет түрлері тұрғындар үшін еш кедергісіз болуы керек. Ол үшін ауыл әкімдеріне қырағы жұмыс жасауды тапсырды аудан басшысы.

Қоғамдағы саяси ахуалдың тұрақтылығын ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тажыбеков баяндады. Саяси жағдай тұрақты дегенмен тұрғындар талабын орындап, жағдайды тұрақтандыруда бірқатар мәселе бар. Жер дауына қатысты тұрғындардың көтерген мәселесі оңтайлы шешілген. Алайда, кейбір тұрғындар арасындағы өзара ынтымақтастықтың болмауынан мәселенің шешілуі кешеуілдеп тұр. Тұрақтылықты жіті назарға алуды тапсырды бірінші басшы.

Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Жиында қыс қаһарына төтеп беру үшін жан-жақты дайындық жұмыстары сараланды. Ауыл әкімдерінің сөзіне сүйенсек, қысты күтіп алу үшін көңіл көншітерліктей жұмыс атқарылған көрінеді. Жұмыстың нақты нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады.

Сонымен қатар, игерілмеген бюджет қаржысы да сөз болды мәжілісте. Қолдағы бар қаржыны игеру қарымдылықты қалайды. Бюджет қаржысын игеру 92,8% пайызға көзделіп отыр. Бұған қажетті әлеуетте жоқ емес. Тек, тынымсыз жұмыс, тиімді шешімдер қажет. Әрине, оған қоса бюджеттің берекелі игерілуіне икемделу де керек-ақ.

Мәжіліс соңында: — Жылдың аяқталуына санаулы күндер қалды. Санға емес, сапаға жұмыс жасау керекпіз. Уақыт тығыз. Мен аудан бойынша шешімі жоқ, қауіпті мәселе көріп тұрған жоқпын. Барлығын ұйымдастырып шешуге болады. Халық өтірік уәдеден шаршаған. Тұрғындар сенімі біз үшін маңызды. Қолымыздан келіп тұрған тірлікті кейінге қалдырмай дер кезінде шешетін болсақ, мәселе өзекті болып қордаланбайды. Бөлім басшылары мен ауыл әкімдерінің жұмысты ұйымдастыра білетін қабілеті жоғары болуы керек, — деп сөзін түйіндеді Мақсат Асылбекұлы.

Расында, тұрғындар сенімі бәрінен қымбат. Мәжіліс соңы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Орындалу мерзімін қадағалау тапсырылды.