«НАЗҚОҢЫР» ОРКЕСТРІ БАР МЕКТЕП

152

Жақында Түркістан қаласының шетіндегі Сауран ауданының білім бөліміне қарасты Әшірбек Сығай атындағы жалпы орта мектебінде «Назқоңыр» оркестрі ашылғанын естіп, бөркімізді аспанға аттық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет.

Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек», — деген болатын.

Осыған орай, Сауран ауданының білім бөліміне қарасты Әшірбек Сығай атындағы жалпы орта мектебінің директоры Мереке Кенжетайқызы Алиеваға жолығып, білім ошағының қазіргі тыныс тіршілігі туралы сұрап білген едік.

— Мереке Кенжетайқызы, мектептеріңізде оркестр ашудың мүмкіндігі қалай ашылды?

— Оркестр – музыкалық шығарманы әртүрлі аспаптарда қосылып орындайтын музыканттар ұжымы. Мектебімізде «Назқоңыр» оркестрі 2022 жылы 3 қараша күні құрылды. Құрылу тарихына тоқталатын болсақ, 2022 жылы 1 шілде күні «Мектебіңе домбыра сыйла» акциясын эстафета ретінде келесі ауданға жолдау шарасының Ұлттық домбыра күнінде белгіленуі жайдан-жай емес. Осы іс-шара негізінде Түлкібас ауданы әкімінің «Мектебіңе домбыра сыйла» эстафетасын Сауран ауданының білім бөліміне қарасты Әшірбек Сығай атындағы жалпы орта мектебі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Искакова Света қабыл алды. 2022 жылы 3 қараша күні мектебімізде «Мектебіңе домбыра сыйла» акциясы ұйымдастырылып өткізіліп, мектепке 21 домбыра сыйлады. Сыйлаған домбырамен мектебімізде дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда оркестр құрамында 20 адам бар. Оның 11-і мұғалім, қалғандары мектеп оқушылары. 18 адам домбырада, 1 мұғалім-шаңқобызда, 1 мұғалім –сылдырмақта ойнайды. Оркестрдің ең алғашқы туындысы 2022 жылы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай мектеп оқушыларын «Жас Ұлан» құрамына қабылдау жиынында «Ата толғау» күйін орындап шықты. Оркестр жетекшісі Жәнібеков Ғабит.

 

— Мемлекет басшысы қазіргі таңда оқу орындарына үлкен қолдау көрсетуде. Осыдан үш жыл бұрын мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсті. Республика бойынша 400 «Жайлы мектеп» салынбақ. Осыған орай мұғалімдердің заман талабына сай болуы үшін қандай жұмыстар жасап жатырсыздар?

-Бұрынғылар «Адамзат баласының бұл өмірде үш түрлі міндеті болады» деген екен. Оның біріншісі — ұрпақ өрбітіп, тәрбие беру, екіншісі – ұстаздық қылып, шәкірт баптау, үшіншісі — ілім-білім жинап, қоғамға қызмет ету. Бұл орайда, тәлім-тәрбие — ата-анадан, оқу мен білім — ұстаздан, ал қоғамға қызмет ету — баршамызға ортақ парыз болса керек. Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы қағидалар. Ілім мен ғылым — бұл қоғамдық мүдде. Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қашан да қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді. Бұл орайда, Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны — мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ» деген сөзі еске түседі. Осы бір аталы ұғым біз үшін әрқашан да басты ұстаным болуы шарт.

Бүгінгі мектеп оқушылары, ел тізгінін ұстар — ертеңіміз. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіші де осылар. Білімнің дамуы — бұл қоғамның алға жылжуы, адамзат өркениетінің өнегелі өлшемі. Сондықтан 21 ғасырда кез келген елдің көзіне қарақ, көкірегіне шырақ болатын да, қоржынын қампайтып, қалтасын томпайтатын да — білім. Ал білімнің қайнар көзі — мектеп. Өздеріңізге мәлім, мемлекет басшысының назарынан білім-ғылым саласы еш уақытта тыс қалған емес. Сөз жоқ, егер мұғалім өз бойындағы жақсы қасиеттер мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктіре алса, ол — кемел ұстаз. Біз осы мақсатты ұстанып, барлық мүмкіншілігімізді пайдаланудамыз.Біз осы бір қарапайым қағиданы қай кезде де жадымыздан шығармауымыз қажет.

 

— Сіздердің мектептеріңіздің пайдалануға берілгеніне үш жыл ғана толды. Дегенмен қазақтың маңдайына біткен театр сыншысы Әшірбек Сығайдың атымен аталуы да үлкен жауапкершілік жүктейтін шығар?

— Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылында Шымкент тас жолы №3в мекен жайында орналасқан мектептің іргетасы қаланды. 2021 жылы 1 қыркүйекте Сауран ауданы білім бөліміне қарасты №13 жалпы орта мектебіміз 360 оқушы 56 мұғаліммен салтанатты түрде ашылып, жұмысын бастады.

Мектебімізге Түркістан облысы, Кентау қаласында туып өскен — театр сыншысы, аудармашы, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Кентау, Түркістан қалаларының, Түркістан облысының құрметті азаматы Әшірбек Төребайұлы Сығай аты берілді.

Қазір үш жыл ішінде мектебіміз -оқушылардың интеллектуалдық қабілетін дамытуға, олардың шығармашылық әлеуетін қалыптастыруға, ғылыми көзқарасы мен жалпы мәдениеттілігін кеңейтуге бағышталған, күрделенген жаңа оқу бағдарламаларын негізге алған, ауқымды жоба деп айтсақ та болады.

Мектеп ұстаздары мен шәкірттері аудан, облыс, республика көлемінде өткізілген іс-шараларға белсене қатысып, биіктерден көрінді. Данагөй бабаларымыз: «Бір жылын ойлаған халық бидай егеді. Жүз жылын ойлаған халық ағаш отырғызады. Мың жылдығын ойлаған халық ұрпақ тәрбиелеп өсіреді» деген екен. Заманымыздың жаңа парақтарына тәуелсіз еліміздің бодандық бұғауынан босанғаннан кейінгі төл тарихымыз жазылуда.

 

— Қазіргі таңда мектептердегі үштаған туралы көп айтылады. Осы мәселені іс жүзінде қалай жүзеге асырудасыздар?

— Мектеп жайын әңгімелеу болашағымыз жайында ой бөлісу болмақ. Мұғалім, оқушы, ата-ана үштағаны жас ұрпақты өнегелі тәрбие жолына бастайды. Мектеп ұстаздарының қажырлы қайратының, табанды еңбегінің арқасында 2022-2023 оқу жылы мектеп ұжымы үшін үлкен жетістіктер мен жеңістерге толы жыл болды. Себебі, мектебіміздің білікті ұстаздары мен білімді білім алушылары көптеген байқаулар мен сайыстарға, олимпиадалар мен конференцияларға қатысып, мектептің жетістіктер қатарын еселеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»- деп дана халқымыз айтқандай, осы орайда ұжымымдағы ұстаздарымның еңбектерін айтып өтпеу мен үшін, мектеп басшы ретінде, әділетсіз деп білемін. Сонымен қатар, мектебімізде аудандық және облыстық түрлі семинарлар ұйымдастырылды. «Ұстаз» деген сөз біз үшін қашан да қадірлі, қасиетті саналады. Небір данышпан да, қарапайым еңбек адамы да осы ұстаз алдынан өтеді. Ал, ұстаз болу кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде жүруі керек.

Мектебіміздің тәжірибелі, шебер ұстаздары жас мамандарға үнемі әдістемелік көмек көрсетіп, тәжірибесімен үздіксіз бөлісіп отырады. Біршама жұмыс түрлерін жүйелендіріп, жүзеге асыру да күн тәртібінен қалған емес. Жас ұрпаққа сапалы білім беруде мектебіміздің мұғалімдері аянбай еңбек етсе, еңбегінің жемісін көрсететін білім алушыларымыз емес пе?!

 

— Мектептеріңіздің тірек мектептер қатарына енгені құтты болсын! Бұл тірек мектептің мәртебесі қандай?

— «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, жұмыс жүргізуде ұстаздар қауымының тағы бір биік белесті бағындырғанының куәсі болдық. Үлкен қуанышпен айта аламын мектебіміз тірек мектептерінің қатарына енді. «Ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы бізге сапалы білім алуға, оқушыларды тәрбиелеуге, педагогикалық ұжымның әлеуетін дамытуға, мектепте қауіпсіз жағдайды қамтамасыз етуге шынымен де «қолайлы жағдай» жасауға көмектесті. Біздің ұжым үшін бұл мұғалімдердің кәсіби біліктілігін дамытуға және мектептің тәжірибесін жетілдіруге тамаша мүмкіндік. Біз осы жобаның бір бөлігі болғанымызға бақыттымыз. Бізге келіп жеткен жабдықтардың сан алуан түрі келді. Бұл оқушылырымыздың ертең ел қорғаны болатын азаматтар бүгіннен бастап білім мен ғылым жолында бастау алу деп білеміз. Мектепте барлық құрал жаңа заман талабына сай үлгіде қамтылды. Президентіміз бастау алған ауыл мен қала мектептерін теңдестіру мақсатында Қазақстан халқына қоғамдық қордың демеушілігі мен Қазақстан бойынша 2023-2024 оқу жылындағы 63 тірек мектептің жобасына ендік. Біздер, ұстаздар, тәжірибе алмасу, біліктілігімізді жетілдіру мақсатында Түркістан облысындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне арнайы барып, семинарларға қатысып отырамыз. Барлық мұғалімдеріміз конкурс бойынша іріктеліп алынғаннан кейін, са-палы білім беру басты мақсатымыз болып табылмақ.

 

— Мереке Кенжетайқызы, салиқалы сұхбатыңызға рахмет. Білім ордаларыңыздың өрісі кеңейіп, керегесі жайыла берсін.

 

Сұхбаттасқан:

Ләззат САРЫБАЕВА.