ТЕРІ АУРУЛАРЫН ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ

363

Тері аурулары жұқпалы, жұқпайтын, созылмалы деп бөлінеді. Сондықтан алдымен денедегі бөртпенің неден пайда болғанын және қандай аурудың белгісі екенін дәрігерге барып анықтап алған жөн. Пациенттердің көбі денесі бөртіп кетсе, өздері ем қабылдап, түрлі мазь жағып, ауруды асқындырып алады. Ал асқынып кеткеннен кейін оны анықтау оңай емес. Бүгінде тері ауруларымен ауыратын адамдардың саны да, аурудың түрлері де көбейді. Оған экология, киіп жүрген кіиіміз, жеген тамағымыз бен ішкен суымыздың өзі де себеп болуы мүмкін. Ал басты себеп — ішкі органдар қызметінің дұрыс болмауы. Облысқа қарасты аудандардан микроспория, теміреткі, чесотка (қышыма) секілді ауруларды жұқтырып алғандар жиі келеді. Бұл аурулар иттен, мысықтан, ірі қара малдан жұғады. Бірақ уақтылы ем қабылдаса, толық айығып кетеді.

Тері саңырауқұлағының қалай алдын алуға болады?

Тері ауруларының ішінде тері саңырауқұлағының «көш бастап» тұр. Бұл микроорганизмдер денені, бас, аяқ немесе қолды зақымдайды, бірақ көбіне аяқтың башпайлары зақымдалуы мүмкін. Уақыт өте келе аяқ басының зақымдалған терісі терең жарылып, процесс тырнаққа өтеді. Сонымен қатар саңырауқұлақты инфекция табан сүйелінің дамуына әкеледі.

Ұшыққа да жеңіл қарауға болмайды. Оның да бірнеше түрі бар. Жай ұшықтың өзі тері ұшығы, ауыз қуысы ұшығы, жыныс ұшығы, көз ұшығы деп бөлінеді. Сондай-ақ белдеме ұшық деген түрі де бар. Ол көбіне ересек адамдарда шығады. Ұшықтың бұл түрі теріні ғана емес, жүйкені де зақымдайды. Соның кесірінен қызу көтеріліп, бас ауырып, адам әлсіреуі мүмкін. Мұндай жағдайда міндетті түрде дәрігерге барып ем алған дұрыс. Дер кезінде ем қабылдамаған жағдайда ұшық созылмалы болып кетуі мүмкін. Ал дәрігерге қаралып, иммунитет көтерерін дәрумендер ішсе, қайталап шықпайды.

Абдумурад АБДИРОМАНОВ,

Сауран аудандық емханасының дерматолог дәрігері.