«АРМЫСЫҢ АҒАЙЫНДАР АЛЫСТАҒЫ» АТТЫ КЕШ ӨТТІ
Сауран ауданындағы мәдениет үйінде ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары, Түркістан, Кентау қалаларының, Сауран ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, жерлесіміз Қасымхан Бегмановтың «Армысың, ағайындар алыстағы» атты шығармашылық кеші болып өтті.
Алдымен мәдениет үйінің алаңында ақын Қасымхан Бегмановтың құрметіне арналып, өнерпаздар ақын ағаның өлеңдерін оқыса, кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Одан соң мәдениет үйінде кеш жалғасып, шараны жергілікті ақын Сайлаухан Жоланов жүргізіп отырды.
Айтулы жиында Сауран ауданы әкімі аппаратының басшысы Қуандық Құлажанов, аудандық мәслихаттың төрағасы Сержан Байсбаев, облыстық мәслихаттың депутаты Баймахан Сүлейменов жерлесіміз Қасымхан Бегмановты құттықтап, сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.
Шарада Қасымхан Бегманов өзінің еңбек жолдарына тоқталып, әсерлі естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге келген қонақтар филология ғылымының докторы, профессор, сыншы-ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қансейіт Әбдезұлы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, республикалық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, филология ғылымының докторы, профессор, белгілі сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының шетелдегі қазақ әдебиеті секциясының төрағасы Армиябек Сағындықұлы мерейтой иесінің шығармашылық жолдары мен жеткен жетістіктеріне кеңінен тоқталып өтті.
Кездесуде мектеп оқушылары Қасымхан Бегмановтың өлеңдерін оқыса, мәдениет үйінің өнерпаздары ақын ағаның сөзіне жазылған әндерін шырқады. Шараның мақсаты ақын жайында, оның ұрпақтан-ұрпаққа ұласар аса ғибратты еңбектері, оның қайталанбас туындыларының өміршеңдігін таныту, оқырмандар жадында мәңгі сақтау, әдебиетке деген ынтасын арттыру, ақынның шығармашылық әлемін, қолтаңба-сының ерекшелігі жайында әсерлі кездесу кеші болып өтті.