АБАЙ АУДАНЫНДА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫСТАР 23,8 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕГЕН

223

Шымкент қаласының аудан аумақтарында ойынханаларда және қоғамдық орындарда жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмау, нашақорлықтың алдын алу және түнгі мезгілде кәмелет жасына толмағандардың заңды өкілінсіз жүруін анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар тұрақты жүргізілуде.
Абай ауданы аумағында жыл басынан бері «Жасөспірім», «Қауіпсіз қала» атты күндізгі және түнгі 83 рейдтік іс-шара өткізіліп, нәтижесінде 1095 хаттама толтырылған. Ал, 8 желтоқсан күні өткен кезекті рейдтік іс-шара барысында 11 хаттама толтырылып, 3 бала қалалық «Кәмәлетке толмағандарды бейімдеу орталығы» мекемесіне жеткізілді.
Бұл жұмыстар аудан әкімдігі және аудандық прокуратура, аудандық полиция басқармасымен бірлесе қолға алынып, аталған іс-шара аптасына 2 реттен ұйымдастырылып отыр.
Сонымен қатар, ауданда биылғы жыл басынан бері кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімі және жастар ресурстық орталығымен бірлесе 29 мектепте профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жалпы 27 іс-шара ұйымдастырылды.
2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Абай ауданында кәмелетке толмағандарға қатысты орын алған қылмыстар 23,8 пайызға немесе 21-ден 16-ға төмендеген.