«ШЫМҚАЛА» ЭТНОАУЫЛЫ ЖАҢАРАДЫ, ЖАНДАНАДЫ

215
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Shymqala» этноауылын аралап, тыныс-тіршілігімен танысты.
Этноауыл 2021 жылы 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай ашылды. Жалпы аумағы 2 гектарды құрайды. Мұнда 14 киіз үй тігіліп, 2 алтыбақан және «Шеберлер ауылы», алып тайқазан, киіз үлгісіндегі концерт залы орналасқан. Негізгі мақсат — келушілерге қазақ халқының тарихы, мәдениеті және дәстүрін насихаттау, материалдық, рухани байлығы салт-дәстүр, ұлттық ойыны мен тағамдарын әлемге танытып, отандық туризмді дамыту.
Аталған орталықтың ұйымдастыруымен ұмыт қалған ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді қайта ұлықтау мақсатында көптеген іс-шара ұйымдастырылып келеді. Мәселен, «Қызды оң босағаға шығару», «Ерулік беру», «Қыз ұзату» және т.б. дәстүрлеріміз жан-жақты насихатталуда.
Этноауылдың жер телімі құжат бойынша «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің меншігінде, ал мүлкі «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығына тиесілі. Біржақты болуы үшін мүліктік меншік иесін «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің теңгеріміне беру мәселесі көптен бері көтеріліп, шешілмей келді. Қала әкімі жағдаймен танысқан соң, жауаптыларға мүліктік меншік иесін тез арада «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне өткізуді жүктеді. Сондай-ақ жабдықтары дерлік тозығы жеткен этноауылды қайта жаңартуды және бұл жобаны дамытып, жандандыра түсуді тапсырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі