ӘЛІППЕГЕ АРНАЛҒАН КӨМЕКШІ ОҚУ ҚҰРАЛЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

173

Бүгін А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінде жақында жарыққа шыққан «Әліппені» оқытуға арналған әдістемелік көмекші оқу құралының авторы Ділдәгүл Нұрмаханбетпен кездесу болып өтті. Жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, авторға сый-құрметін көрсетті.

Шара барысында автор еңбекті жазуға балалардың ойлау қабілетін арттырып, сөйлеу дағдысын дамытатын сапалы көрнекі құралдардың аздығы, сондай-ақ мектеп бағдарламасына «Әліппенің» орнына «Сауат ашу» пәнінің енгізілгені түрткі болғанын айтты. Жеті жылға жуық уақытын оқу-әдістемелік құралын жазу ісіне арнаған. Әдістемелік кітаптарды зерттеуге біршама уақытын арнаған автор бұл әдістемелік құралдағы тапсырмаларды балалардың мейлінше еркін әрі жылдам меңгеруіне бағыттаған.

Көрнекі құралда балаларға әріптерді таныту, оқуға, жазуға үйрету, яғни сауатын ашуда ұлттық салт-дәстүр арқылы тәрбие беру үлгісімен өрнектелген суреттер мен мәтіндер білім берудің дәстүрлі әдістерімен берілген. Білім беру дағдыларының дәстүрлі әдістемесін қамтамасыз ететін түрлі-түсті суреттермен безендендірілген.

Автор хрестоматияны жазу ісінде мектеп мұғалімдерінің, оқушылардың ұсыныстары мен қажеттіліктерін басшылыққа алғанын жеткізді. Қазіргі кезде «Әліппенің» әдістемесіне қызығушылық танытушылар мектепке дейінгі дайындық кезеңінде де балалардың білім беру дағдысын арттыруда тиімділігі жоғары болады деген сенімде.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі