АРЫСТЫҚ ҚАЙЫРЫМДЫ АЗАМАТТАР 140 ОТБАСЫҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

247

Жақсы істердің жаршысына айналған Қолғабыс Қоғамдық Қоры бір топ кәсіпкерлермен бірлесіп тағы бір қайырымды шараға себеп болды.

Ізгілікке ұмтылған азаматтар күнделікті ішім-жемге қажетті, әлеуметтік маңызы бар өнімдерден құралған азық-түлік пакетін 140 отбасына үлестірді.

Ортақ істерге топтасып, мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлауға қаламыздың бірнеше кәсіпкерлері бастамашыл болған. Олар «Қолғабыс» қайырымдылық қорымен ақылдаса келе, өз қаржыларына 7 тонна жоғары сортты ұн сатып әперген. Өз кезегінде қор тарапынан күріш, қарақұмық (гречка), асбұршақ, маш, май, макарон, ұзақ мерзімге сақтауға жарамды консервіленген өнімдер салынған азық-түлік пакеттері берілген.

«Қолғабыс» қайырымдылық қорының төрағасы Сырлыбек Мұсабековтің айтуынша бүгінгі таңда Арыс қаласында демеушілік танытып, түрлі көмектер жасап жүрген қайырымды азаматтар саны еселеп артқан. Ол өз сөзінде қаламызда атымтай жомарт кәсіпкерлердің ұйытқы болуымен қайырымдылық шаралары алда да жалғасын табатынын атап өтті.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі