САЛЫҚ ТҮСІМДЕРІНІҢ ОРЫНДАЛУЫН ЖЫЛ БАСЫНАН БАСТАП ҚОЛҒА АЛУ ҚАЖЕТ

201

Облыс әкімінің кіріс көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасына орай аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен 2023 жылы жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерінің орындалу көрсеткіші және 2024 жылғы салық түрлерінің жоспары жөнінде жиналыс өтті.

Ордабасы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы РММ басшысы Ғани Нұрымбетов 2023 жылдың қорытындысымен салықтық түсімнің орындалуы және атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Сала басшысы тіркелген салық төлеушілер, мемлекеттік бюджет, жергілікті бюджет жоспарының БСК кесіндісінде орындалуы, жергілікті бюджетке түскен салықтық түсімдеріне жүргізілген талдау, жыл аралығында басқа МКБ-дан ауысып келген, МКБ-нан тіркеуден шыққан жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың салық түсімдері, көлік, мүлік, жер салығы жоспарының нақты орындалуы және берешекті өндіру қарқыны, арнаулы салық режимін дұрыс пайдаланбай жатқан шаруа қожалықтар туралы нақты мәлімет берді.

Сала жауаптыларының есебін тыңдаған аудан әкімі аумақ көлемінде салық түсімдерінің толық өндірілмей отырғандығына тоқталып, бірінші кезекте аудан шегінде тіркеуде тұрып, кейіннен басқа өңірлерге қоныс аударған азаматтардың салықтық берешектері бойынша тұрғылықты мекен-жайындағы жауапты мекемелермен бірлесе отырып жұмыс жүргізуді тапсырды. Осы арқылы көшіп кеткен азаматтарды базадан өшіру қажет екенін айтты.

Аудан бюджеті кірістерінің орындалуы бойынша аудандық Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева баяндама жасап, салықтық, салықтық емес және негізгі капиталды сатудан түскен түсімдерге, аудан бюджетінің кірісі мен шығысының бүге-шігесіне дейін тоқталып өтті.

Аудан бюджетінің жергілікті түсімдері мен жоғары бюджеттен алынған ресми трансферттер бойынша есепті мерзімде жоспар орындалған. Мәселен, биыл ауданға 10 ірі салық төлеуші тіркелген.

Алайда бірнеше ірі кәсіпорындар басқа өңірлерде тіркелгендіктен жергілікті бюджетке салық төлеуден бас тартқан.

Аудан басшысы аудандық Кәсіпкерлік бөліміне тез арада аудандағы кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік нысандардың тізімін жасақтап, аудан шегінде жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарынан түсетін түрлі салық түрлерін жергілікті қазынаға аудару жағын мұқият қадағалауды тапсырды.

Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы салық мәселесіне қатысты орын алған кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, Кірістер басқармасы, ауылдық округ әкімдері, Ауыл шаруашылық және жер қатынастары, кәсіпкерлік бөлімі бірлескен түрде ауыл, елді мекендерде салық берешектерін өндіру мәселесін мықтап қолға алуды міндеттеді.

Жәнеде Кірістер басқармасы тарапынан жылдық жоспар жасағанда және орындалған жұмыстарға нақты талдау жүргізу керектігін ескертті.

Жиын соңында аудан әкімі барлық мекеме жауаптыларына жалпыға бірдей декларациялау жұмыстарын белгіленген уақыт шегінде орындауға шақырды.

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі