ТҮРКІСТАН ӨРЕНДЕРІ 1 АЛТЫН ЖӘНЕ 1 ҚОЛА МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ
Түркістан қаласында шахматтан балалар, жасөспірімдер және жастар арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды. Дүбірлі сында жас шахматшылар шахматтың классикалық, рапид және блиц түрінен сынға түсті. Еліміздің әр өңірінен 400-ден аса шахматшы қатысқан дода тартысқа толы болды. Жарыстың жабылу салтанатына Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы, ҚШФ-ның Түркістан облыстық филиалының президенті Еркеғали Әлімқұлов қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге құрмет көрсетті.
Өз жас ерекшеліктері бойынша ҚР чемпионы атанған өрендер 2024 жылы қазан айында Бразилияның Флорианополис қаласында өтетін балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігіне жолдама алды. Күміс жүлдегерлер Азия чемпионатында бақ сынайды. Кейбір жас санаттарында классикалық шахматтан 3-5 орын алғандар оқушылар арасындағы әлем чемпионатына, Батыс Азия чемпионатына және оқушылар арасындағы Азия чемпионатына қатысу құқығына ие болды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 5 580 000 теңгені құрады
Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова бұрын шахматтан көзге түспеген өңірлер бұл жолы жарқырай көрінгенін айта келе сайысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Түркістан облысы әкімдігіне алғысын жеткізді.
Шахматтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Дастан Капаев пен бас төреші Тимур Қасымов жас шахматшыларға ізгі тілегін білдіріп, жолдамаға ие болған ойыншыларға сәттілік тіледі. Облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдос Қалтаев шахматтың блиц түрінен үздік танылған ойыншыларды марапаттады.
Чемпионат нәтижесінде жалпы жүлделер көрсеткіші бойынша Астана қаласының зияткерлері топ жарды. Түркістан өңірінің спортшылары да мықтылықтарын байқатты. Классикалық сында 2010 жылға дейінгі қыздар арасында Әсия Асылхан ел чемпионы атанды. Рапид сайысында 18 жасқа дейінгі қыздар арасында Әселай Сейдулла қола жүлде еншіледі.