Ерсұлтан Әмірбек: “ОҚПАН..,”
Оқпан десе Оқпан еді-ау! Әкемнің Оқпаны да, Шоқпары да, Қисығы да Оқпан ағамның өзі болатын. Әкеміздің 6 баласының ішіндегі ең еңбекқор, ең шапшаң, ең тілалғыш және ең қисығы осы Оқпан ағам еді. Оқпан қасарысса, оны жарты әлем жабылып жібіте алмайтын. Қырсықтың қырсығы еді-ау. Бірақ, осынау өршіл мінезі оның өзіне жарасатын. Шәуілдірде футбол, хоккейді дәл Оқпандай шапшаң ойнайтын ойыншы кем болатын. Жіпті күрмеп байлауды білмегенім үшін, сиырдың қасында сабағаны әлі есімде. Сабайтын ағаңның бары қандай бақыт екен десейші! Әттең сұм ажал небары 27 жасында арамыздан алып кетті. Украинада әскери бөлімдегі сарбаздар арасында 800 метр қашықтыққа жүгіруден 1-орын иеленгенін естіген әкемнің «Шоқпарым чемпион» бопты деп марқайғаны әлі есімде. Алла Оразгелді ағамның артында қалған екі тұяғы мен Қалби жеңгеме өмір берсін! Отан қорғаушылар күнінде Оқпанымның орны ойсырап тұрғаны жаныма батты. Тек, суретпен сырласып, сағынышпен еске алдым! Сабайтын да, сыбайтын да ағаның жөні бір бөлек!