ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫМЕН КӨРІКТІ

105

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен республикада «Таза Қазақстан» акциясы өтіп жатқаны белгілі. Бұл бастаманың дәстүрлі сенбіліктерден айырмашылығы экологиялық тәрбие беруге, патриотизмге, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға бағытталған.

Шымкенттіктер 10 сәуірден 11 мамырға дейін бес аптаға жоспарланған науқанға білек сыбана кірісіп кетті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында қала көшелері, көпқабатты үйлердің аулалары қоқыстан, қураған шөптен тазартылып жатыр.
«Таза өлке» апталығында қаладағы магистральды көшелер мен аулалар толық тазаланады. Әрине, коммуналдық шаруашылық қызметкерлері өздеріне бекітілген автомобиль жолдарын, қала көшелері мен орамішілік жолдарды күнделікті тазалап отырса да, қыстан кейін қала тазалығын қалыптастыруға тұрғындарды жаппай жұмылдырудың маңызы зор.
Шымкенттің орталық магистральдарының бірі – Т.Рысқұлов көшесінде «ШымкентСпецкомплекс» ЖШС қызметкерлері тазалық жұмыстарын жүргізді.
– Біз қазір Тұран ауданына қарасты аумақтың тазалығына күш салып жатырмыз. Т.Рысқұлов көшесіндегі жұмысқа 250-ден астам адам жұмылдырылды. Магистраль бойындағы аялдамалар, аяқжолдарды тазалап, шөп орып, гүл отырғызып, көгалды ретке келтіріп жатырмыз. Абаттандыру дегеніміз – осы. Қыстан кейін көшелерде қар кезінде жолға себілген инертті материалдар қалады. Ал, көктемгі жауын-шашыннан бойлап кеткен шөпті ору қажет. Алайда, тазалық жұмысы тек күндізгі уақытпен шектелмейді. Жұмысшылар түнгі уақытта арнайы машиналармен көшелерді жуып шығады. Бұл мақсатта күн сайын 50-ден астам мамандандырылған техника жұмылдырылып отыр, – деді «ШымкентСпецкомпекс» ЖШС директорының орынбасары Мақсат Құрманбекұлы.
Дулати мен Рысқұлов көшелері қиылысында сауда орталығына қарама-қарсы аумақта орналасқан аялдамаға келетін қоғамдық көлік көп. Сондықтан мұндағы мәселе бір тазалық жүргізумен шешіле қоймасы анық.
– Ең үлкен мәселе адамдарда. «Тазалық – тазаланған жерде емес, тазалықты сақтаған жерде» деген сөз бар. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтарын тазалық сақтауға үндегім келеді. Шымкент қаласының барлық аймағында арнайы қоқыс жәшіктері орнатылған. Сондықтан қоқысты шашпай, жәшіктерге тастасаңыздар. Тазалық сақтай отырып, қаламызды таза әрі көрікті ететін боламыз, — дейді Мақсат Құрманбекұлы.
Патриотизм әдемі сөйлеп, ұрандату ғана емес, бұл – тазалықты сақтай отырып, табиғатты, қоршаған ортаны қорғау.
Тұран ауданы әкімдігінің бөлім маманы Ж.Байсаловтың айтуынша, «ШымкентСпецкомплекс» ЖШС қызметкерлері магистральды көшелерді абаттандырумен және санитарлық тазалаумен айналысса, аудан әкімдігіне қарасты «Тұран» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 150-ден астам қызметкері мен еріктілер орамішілік көшелер мен аулаларды тазалап жатыр.
Сондай-ақ, Ақтас шағын ауданында каналдарды тазарту, ағаштарды әктеу және балалар спорт алаңдарын бояу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, жалпы Тұран ауданының аумағындағы тазалық жұмысына 200-ден астам коммуналдық шаруашылық қызметкері мен 150-ден астам аудан тұрғыны жұмылдырылған.

Сергей ПАВЛЕНКО