ЕРТЕ ҚАРАЛҒАННЫҢ ЕМІ ШИПАЛЫ

148

Ауруды ерте кезеңде анықтау – оның дамуына жол бермейді. Соның ішінде онкологиялық ісіктерді уақтылы анықтау арқылы адам өмірін сақтап қалуға болады. Сондықтан да елімізде белгіленген уақыттарда халық денсаулығына скринингтік тексеру жүргізіледі.

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаевтың мәлімдеуінше, 2024 жылы Шымкент қаласында ерте анықтау бойынша жүрек-қан тамырлары ауруының скринингінен 31291 адам өтіп, оның ішінде 2291-інен аталған ауру белгісі анықталған.
– Скринингтің мақсаты – мүмкіндігінше ауруларды ерте анықтау. Бұл пациенттердің жағдайын жеңілдетіп, емдеудің ерте басталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында скрининг онкологиялық аурулардың 3 түріне жүргізіледі. Скринингтен өту – әрбір азаматтың міндеті. Жұмыс беруші тарап қызметкерлерінің скринингтен өтуі үшін барлық жағдайды жасауға, олардың тексерілуден асықпай өтуі үшін жұмыстан босатуға міндетті. Бұл туралы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінде жазылған, – деді Б.Абдуллаев.
Тексеруден өтудің уақыты бар. Мәселен, жатыр мойны обырына скринингтен 30-70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда 1 рет өтуі тиіс. Егер осы жылы науқас скринингтен өту үшін тізімге енгізілсе, учаскелік медбике оны шақырып, тексеруге қалай дайындалу керектігін айтады.
—Скрининг 8 негізгі нозологияны анықтау үшін жүргізіледі. Олар жүрек-қан тамыры аурулары, глаукома, қант диабеті, жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, тоқ ішек обыры.
2024 жылдың 3 ай қорытындысы бойынша Шымкент қаласында жоспарланған скринингтен жүрек-қан тамыры ауруы бойынша 99 136 адамды өткізу жоспарланып, оның 31 291-і тексеруден өтсе, 2291-інен ауру белгісі анықталды. Қант диабетінен 33 651 тұрғын тексеруден өтіп, 287 адамда осы дерт анықталды. Глаукома 98 адамда, сүт безі обыры 600 скринингтен өтушіде анықталды, – дейді қалалық онкология орталығының бас дәрігері Жақсылық Мәуленов.
Айта кетейік, диспансерлік есепте тұратын адамдарға скринингке жататын ауруы бойынша тексеру жүргізілмейді. Скрининг жергілікті медициналық мекеменің шақыртылуы бойынша жүргізіледі.

Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ