ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА «АУЫЛ – ЕЛ-БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 4 МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН САЛЫНҒАН

126

Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 166 елді мекенде 352 жоба іске асырылып, 31,3 млрд. теңге игерілді. Нәтижесінде 297 жоба пайдалануға тапсырылды. Ал биыл 165 жоба іске асырылады. Бұл мақсатқа жалпы 25,3 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде, 107-сі – жаңа жобалар.

Аталған жоба Түлкібас ауданының инфрақұрылымын жақсартуға да серпін беріп жатыр. Соңғы 2 жылда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында көп жылдан бері аймақта өзекті болып келген медицина саласындағы түйіткілді мәселе шешімін тауып келеді.

Мәселең, соңғы жылдары аудан орталығынан шалғай жатқан Келтемешат, Рысқұл, Ақбиік және Шұқырбұлақ елді мекендеріне заманауи жаңа медициналық тіректер соғылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Заманауи медициналық тіректе жалпы дәрежелі дәрігер, фельдшер және медбике халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Бұл бағыттағы жұмыстар бұнымен тоқтап қалмай, елді мекен тұрғындарына қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында биыл аудан аумағындағы медициналық тіректі қажет ететін 15 елді мекеннің 4-не заманауи жаңа нысан соғу жұмыстары жалғасын таппақ. Олар – Абайыл, Тастыбұлақ, Мақталы және Шақпақ баба елді мекендері.