ТҮРКІСТАНДЫҚ МҮТАБАР ШЕРМЕТОВА – НАУҚАСТЫ ДӘРІМЕН ҒАНА ЕМЕС, ЖЫЛЫ СӨЗIМЕН ДЕ ЕМДЕЙТІН БІЛІКТІ ДӘРІГЕР

101

Түркістан топырағына еңбегі сіңген жандардың қатарында жоғары санатты инфекционист-дәрігер, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Мүтабар Бекқызы Шерметованы әбден айтуға болады.

Мүтабар Бекқызын Түркістанда танымайтын, білмейтін адам жоқ. Және кім болса да оның есімін асқан құрметпен, ерекше сыйлас көңілмен атайды.

Түркістан қалалық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі болып еңбек ететін білікті дәрігер көпшіліктің мұндай ықылас-ниетіне, атақ-абыройға денсаулық саласындағы үзбей атқарған ұзақ жылғы еңбегінің, кәсіби біліктілігінің арқасында жетіп отыр. Ақ желеңді абзал жан өзінің шипалы емімен, білімімен тек Түркістанға ғана емес, облыс көлеміне де танымал.

Бірде Шымкент қаласының жетекші гепатологтарының бірі Татьяна Диденконың Мүтабар Бекқызының амандығын сұрап, атына айтқан жылы лебізі де ойыма оралып отыр. Кәсіби білігіңді тек сырқаттар ғана емес, аға әріптестерің де бағалап жатса нұр үстіне нұр емес пе?!

Қоғамымыздың ең басты байлығы — адамдар денсаулығына қатысты бұл саланың күрделілігі ежелден белгілі. Ал, соның ішіндегі ең өзекті де, тіпті дәрігерлердің өз өміріне де қауіп төндіретін, ұстараның жүзіндей лыпылдап тұратын жұқпалы аурулар саласында табан аудармай отыз бес жыл қызмет істеудің қиындығын басынан өткен адам ғана білсе керек.

Әлі есімде, жер-дүниені сансыратқан пандемияның азабын тартқандар қатарында мен де ауруханаға түсіп, қиналып жатқан күндер еді. Таңертеңгілік дәрігерлер тексеруіндегі құраммен Мүтабар Бекқызы да келді палатамызға. Сонда менің жүзімнен үрей байқаған ол: «Апай, қорықпаңыз! Біз сізді бермейміз ешкімге де. Әлі-ақ аттай шауып кетесіз», — деген жылы сөздері, жылылық шашқан жанары, жағымды даусы жадымда жатталып қалды.

Дәрігер дәрісімен ғана емес, сөзімен де емдейді. Жұмысына шын берілген Мүтабар Бекқызын бұрыннан білемін. Алайда, аурумен арпалысқан сын сағаттағы сол бір жанашырлығының орны бөлек еді. Жас жігіттің жасындай бір адамның ғұмырына тең отыз бес жыл ішінде өзінің жеке денсаулығына төнген қауіп-қатерге қарамастан бір мен ғана емес, мен сияқты қаншама адамның өміріне араша түсті десеңізші! Осы уақ…

«Бұл мамандықты таңдауына не себеп болды екен?» — деген сауал тұрды көкейімізде. Негізі, Мүтабар Бекқызының дәрігер мамандығын таңдайтын жөні де бар. Өйткені, әкесі Бек Шерметов бүкіл өмірін адам жанының арашашысы болып, саналы ғұмырын осы қызметке арнап өткен дерматолог-дәрігер. Медицинаға сүйіспеншілікті ұшқан ұядан бойына сіңірді деуге болады. Мүтабар мектепте оқып жүргенде-ақ, әкесінің айналасында, басқа да жерлерде ақ желеңді абзал жандарды көрсе, ерекше сүйіспеншілікпен қарап «Мен де осы кісілердей болсам» — деп армандайтын. Ал, жұқпалы аурулар саласын таңдауына тағы бір ғибратты жан әсер етсе керек. Ол сол кездегі жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Роза Львовна Ким деген өз мамандығын пір тұтқан ғазиз жан болатын.

Мүтабар Шерметова Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы медицина институтының педиатрия факультетіне 1982-жылы түсіп, 1988-жылы бітіріп келгеннен бері туған жері Түркістанда еңбек етіп келеді. Жан аямай. Уақытпен санаспай. Барлық білімі мен білігін жерлестерінің денсаулығын сақтауға жұмсап. Осындай жанды «Түркістанға еңбегі сіңді» — десек жараспас па?

«Менің түсінгенім, адам өзі жақсы көрген мамандығыңнан қаншалықты қиын болса да кету туралы ой болмайды екен», — дейді бізбен әңгімесінде Мүтабар Бекқызы. «Басқа саланы қоспағанда жұқпалы аурулар бөлімшесінде қызмет істегеніме отыз жыл болыпты. Медицинаның қай саласы болсын жеңіл емес. Бірақ, жұқпалы аурудың ең бірінші қиындығы — дұрыс диагноз қою. Өйткені, дене қызуының көтерілуі, жүректің айнуы, бас айналу, іштің өтуі сияқты жұқпалы ауру белгілері бір-біріне өте ұқсас келеді. Соны ажырата білу тәжірибені, біліктілікті қажет етеді. Екіншіден, жұқпалы аурулар бөлімшесі жиырма төрт сағат бойы шұғыл көмек көрсететін, «Жедел жәрдем» кестесімен тоқтаусыз жұмыс істейтін қиын участок. Себебі аурулар бізге шұғыл түрде, «экстренно» түседі. Мысалы, басқа аурулар талдама тапсырып немесе «порталмен», жоспарлы түрде келеді белгілі бір бөлімге. Ал, бізге сырқаттар ауыр, түсініксіз халде жеткізіледі. Былайша айтқанда, соғыс кезіндегі сияқты жұмыс істейміз. «Тылдағы соғыс» деген сияқты. Міне, осы жерде аурудың түрін дұрыс ажырата білудің маңызы зор. Әрбір минут қымбат. Тағдыры қыл үстінде тұрған сырқатты аман алып қалу үшін жанталасамыз. Осындай қиын болғаннан кейін бұл салаға келгісі келмейді жастардың. Дәрігер-инфекционист мамандығына аз оқиды. Облыс орталығы болдық. Халықтың саны өсіп келеді. Осыған орай төсек санын да арттыру керек. Алайда, бұл саладағы мамандар тапшы. Бір жағы мамандығымыздың қауіптілігіне де байланысты. Бүгінгі таңда біздің бөлімшеде қырықтан астам қызметкер бар. Оның тоғызы — дәрігер. Тоғыз дәрігердің үшеуі — жоғары санатты, біреуі — бірінші санатты, басқасы жастар, әлі санаттары жоқ. Осыншама халқы бар облыс орталығы кеңею керек. Осы бағытта шаралар қарастырылып жатыр. Біздің мамандығымыздың, яғни, инфекционистердің қажеттілігі дүние жүзін үрейлендірген пандемия кезінде нақты дәлелденді. Инфекциясыз жұмыс істеу қиын. Мысалы, пышақпен жұмыс істейтін хирургтарға, урологтарға да өте қиын. Тәуекелге бару керек. Бұл арқылы мен өзге саладағы әріптестерімнің қызметін оңай деп отырған жоқпын. Тек әр істің қиындығы басымдау жағын айтып отырмын», — деп тұжырымдады өз сөзін білікті дәрігер.

Айтса айтқандай, алысқа бармай-ақ, осыдан бірнеше жылдар бұрын жұқпалы аурулар қасіретінен, ауыр жағдайдағы сырқаттарды құтқару кезінде көз жұмған, ерлікке пара-пар қадамға барған Түркістан қаласының денсаулық сақтау саласының ардагерлері Сайлаубай Өскенбаев, Мамаджан Салиев сынды өз ісіне шын берілген дәрігерлерді Түркістан халқы ұмытқан жоқ. Ұмытпайды да.

«Біздің алдымызда осындай аға буын әріптестеріміз болды. Біз олардан үлгі алдық. Бірге қызмет істедік. Осындай абзал азаматтармен бірге жұмыс істегенімізге қуанамын. Біздің олардан үйренетініміз көп еді. Оларға халықтың, дәрігерлердің өзінің құрметі қандай еді! Әріптестердің өзара сыйластығы да керемет болатын. Ол кезде мына менің жасымдағы әріптестерден үлгі алатын. «Мен осындай дәрігер бола алам ба?» — деп қызыға қарайтынмын еңбек жолымды бастаған кезде. Жалпы, менің осы мамандықты таңдауыма жоғарыда айтып өткен Роза Львовна Ким деген өз ісіне шын берілген, өте білікті бөлім меңгерушісінің әсері болды. Оның адамгершілігі, адамдармен қарым-қатынасы, сабырлылығы, жеке басының үлгісі мені осы мамандыққа алып келді. Қазіргі жастар да сол үлгі алатын дәрігер», — деп аға буын әріптестерін еске алды Мүтабар Шерметова.

Еселі еңбегін, қиын да жауапты бейнетін Түркістан халқының денсаулығын сақтауға сіңіріп келе жатқан Мүтабар Бекқызының жолын қуған қызы да, келіні де медицина саласында қызмет етіп жүр. Кіші ұлы да медициналық университетте білім алуда. Бір сөзбен айтқанда, дәрігерлер әулеті десек қателеспейміз. Бір шаңырақтан үш бірдей денсаулық сақшысы түркістандықтардың денсаулық күзетінде. Жолдасының мамандығы инженер болғанмен, отбасы мүшелерінің халық игілігі үшін еткен еңбектеріне тілектестік білдіріп, мақтан тұтады. Шынында да, Мүтабар Бекқызы Шерметова, мақтауға да, мақтануға да тұрарлық, қолы жеңіл, емі шипалы дәрігер! Еңбегіңіз жансын, алғыстан алқа таққан ақ желеңді абзал жан!

Роза Нарымбетова,

Түркістан қаласы