«КИЕЛІ МЕКЕН»: ОТЫРАРДА ЭКОАКЦИЯ АЯСЫНДА СЕНБІЛІК ӨТІП, 300-ГЕ ЖУЫҚ ӘРТҮРЛІ АҒАШ ЕГІЛДІ

14

«Таза Қазақстан» акциясының «Киелі мекен» апталығы аясында «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Отырар ауданы Көксарай ауылдық округі әкімшілігімен бірлескен инспекторлар, ауыл тұрғындары және аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жаппай сенбілікке шықты.

Бірлігі бекем қызметкерлер мен жергілікті тұрғындар құрал-жабдықтарымен келіп, тазалық жұмыстарына жұмыла кірісті. Сенбілік барысында «Шәуілдір-Көксарай» көпірінің маңындағы демалыс орны мен Сырдария өзенінің бойы шөп-шаламдардан, күл-қоқыстан тазарды. Сондай-ақ ағаш түптері әктеліп, сырланды. Бұдан бөлек 300-ге жуық көшет егілді. Егілген көшеттердің арасында жай арша, қарағаш, өрік, долана, алма, шаған сынды ағаштар бар. Сенбілікте аталған аумақтар мен туристік орындар бойынша көше бойларында санитарлық тазалау жұмыстары жанданды.

Тазалық науқаны аясында 100-ге жуық адам табиғи парк пен аудан ажарының ашылуына белсене атсалысты. Арнайы 10 техника жұмылдырылды.

Ел бойынша бір мезетте басталған ағаш отырғызу науқаны бес аптаға созылады. Ерекшелігі – әр апта белгілі бір тақырып аясында өтпек.

Айта кетейік, Отырар ауданы Көксарай елді мекенінде «Парктер шеруі» акциясының ашылуы өткен болатын. Бұл – жыл сайын дәстүрлі түрде табиғатты қорғау мақсатында өткізілетін акция. Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен сенбілікте «Сырдың көркі – тораңғы» атты қоқыс тазалау шарасы да назардан тыс қалмады.