«КИЕЛІ МЕКЕН»: САУРАНДАҒЫ СЕНБІЛІККЕ 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСТЫ
Бүгін Сауран ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік өтіп, оған Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, тал отырғызды. Сонымен қатар, сенбілікке «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, ақсақалдар, әжелер, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, қоғамдық ұйымдар, облыстық басқармалар, аудан әкімдігі, ауылдық округтер мен барлық мекеме қызметкерлері мен тұрғындары қатысты.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шорнақ және Шаға ауылдық округінде өткен сенбілік шарасы 11 аймаққа бөлініп, оған 2000-ға жуық азамат өз үлестерін қосты. Сенбілікте аталған аумақтар бойынша көше бойлары қоқыстан тазартылды. Тұрғын үйлердің қасбеттері ретке келтіріліп, сырланды. Сондай-ақ, бей-берекет өскен талдар қырқылып, әктелді. Жаяу жүргіншілер жолдары сырланып, ретсіз өскен шөптер шабылды. Арық-атыздар тазартылып, тал егу жұмыстары жүргізілді. Аудан көлеміндегі жалпы сенбілікте 280 тонна қоқыс шығарылып, оған 18 техника жұмылдырылды.