КЕНТАУДА ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Кентау қаласында «Эко Атамекен» қоғамдық бірлестігі базасында «Дара бала» дамыту орталығы ашылды. Салтанатты шараға қала әкімі Жандос Тасов, облыстық маслихат депутаты Инара Намазбаева, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратша Төнтеков қатысты.
Қала әкімі қонақтармен бірге жаңа дамыту орталығының лентасын қиып, нысанды аралап тынысып шықты. Қазірдің өзінде балаларын орталыққа әкелуге ниетті ата-аналар жазылып үлгерген.
Ерекше және жан-жақты көзқарасты талап ететін орталықтың сыйымдылығы 70 балаға арналған. Орталықта психолог, логопед, дефектолог, невропатолог, сенсорлы интеграция, АФК, арт терапия мамандары жұмыс істейді. Орталық қажетті тифлотехникамен, арнайы жиһазбен, сондай-ақ балалармен жұмыс істеуге арналған дамытушы және әдістемелік материалдармен жабдықталған. Мұнда оларға қажетті барлық жағдай жасалған. Орталық балалардың білім алуына, ақыл-ойын дамытуына және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндіктер жасайды.