АЗАТ ОРАЛБАЕВ: “ЖЕҢІС АУЫЛЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР РЕТ-РЕТІМЕН ШЕШІЛЕДІ”

106

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев бекітілген кестеге сәйкес Жеңіс ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Кездесуге аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудан әкімі аппаратының басшысы, салалық бөлімдердің басшылары мен мекемелердің жетекшілері, қоғам белсенділері қатысты.

2023 жылы өткен есепті кездесулерде жеңістіктер тарапынан 9 мәселе көтерілген.

Оларды шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, кезең-кезеңімен шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сондай өтініштердің біреуі Жеңіс ауылындағы ауыз су мұнарасына баратын жолға тас төсеу болған. Биыл ақпан айында ұзындығы 3 шақырым болатын жолға тас төселді. Жеңіске балалар ойын алаңшасын салу, Дихан ауылына баратын жолды асфальттау және т.б.бірқатар мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүруде.

Аудан басшысы 2024 және алдағы жылдары ауылдық округте атқарылатын жұмыстарға тоқталып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ осы жолғы кездесудегі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер хаттамаға түсіріліп, олар бойынша жұмыс жүргізу және ұсыныс енгізу бойынша сала мамандарына тапсырмалар жүктеді.

Кездесуден кейін аудан әкімі Жеңіс ауылындағы жөндеуден өткен “Қарлығаш” бала бақшасында болды.