БӨГЕНДЕ ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ САЛУ ЖОСПАРЛАНУДА

79

Бұл туралы аудан әкімі Азат Оралбаев Бөген ауылдық округінің тұрғындарымен болған кездесуде мәлімдеді.

Өткен жылы өткен есепті кездесулерде бөгендіктермен бас-аяғы 11 мәселе көтерілген. Екеуі шешімін тапса, қалғандары орындалу үстінде.

Мәселен, алдыңғы кездесуде тұрғындар аудан басшысынан Бөген ауылындағы «Ақалтын» көшесіне жарықшамдар орнатуды сұраған. Нәтижесінде, жергілікті бюджет есебінен қаржы қаралып, жарықтандыру құралдары орнатылған.

Сондай-ақ тұрғындардың Бөген ауылындағы мәдениет үйінде түрлі үйірмелерді ұйымдастыру мәселесі де шешімін тапты.

Қазіргі таңда онда 3 үйірме (Домбыра, Асыл әжелер, Эстрада) жұмыс жасайды. Оларға 50 адам қатысуда.

Аудан әкімі ағымдағы және алдағы жылдары Бөген ауылдық округінде қолға алынатын жұмыстарды баяндады. Соның бірі, Бөгенде дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Нысан “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылатын болады. Одан бөлек, Кемер елді мекені, Береке, Бірлік, Ынтымақ көшелеріне жарықтандыру құралдарын орнату көзделіп отыр.

Кездесудің соңы сұрақ-жауап форматына ауысып, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша, атап айтар болсақ жарық, жол, газдандыру бағыттарында сауалдарын қойды. Әрбір сауалға жауаптар берілді және олар хаттамаға түсірілді.