АҚСАҚАЛДАР ТАЛ ЕКТІ, ТҰРҒЫНДАР ДА АТСАЛЫССА…

38

Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық сенбіліктер өткізу жөніндегі тапсырмасы байтақ елімізде кеңінен қолдау табуда. «Көктем Оңтүстіктен басталады» деген қанатты сөз бар. Биылғы ауа райының қарлы-жаңбырлы болуына байланысты көктем өңірімізге кешігіп келді. Шырайлы Шымқаламызды шын мәніндегі жасыл қалаға айналдыру жөнінде көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары алаңдардан бастап аулаларға дейін атқарылып жатыр.

Қала әкімінен бастап аудан әкімдері, мекемелер қызметкерлері, студенттер, ардагерлер, қала тұрғындары абаттандыруға, көшет отырғызуға атсалысып жүр.
Біздің Қаратау ауданының әкімдік қызметкерлерінен бастап ЖШС қызметкерлері де «Таза өлке», «Киелі мекен» апталықтарын бір кісідей атқарды. Алдағы апталықтарға да атсалысады деп сенеміз.
Осы орайда 20 сәуір, сенбі күні, «Киелі мекен» апталығында Нұрсәт тұрғын алабындағы көп қабатты үйлер аулаларына жас көшеттер отырғызылды. №132 орта мектептің жанында орналасқан №113 көп қабатты тұрғын үйдің алдындағы алаңға Қаратау КММ-нің тазалық қызметкерлері, әкімдік мамандары, еңбек ардагерлерін 87 жастағы Қожабай Кәрібаев бастаған қариялар көшет ектік. 90 жасқа таяған Қ.Кәрібаев ақсақал игілікті іске сәттілік тілеп, жастарға батасын берді. Сол күні 500 түп көшет егілді.
Өкінішке қарай, сол көп қабатты №113 үйдің тұрғындары ескертілсе де, біздің жұмыс істеп жүргенімізді көздерімен көрсе де, қолқабыс беруге бірде-біреуі келмеді. Өздері тұратын үй, өз аулалары. Бұл үйге мүлде қатысы жоқ 70-90 жас аралығындағы қариялар сауапты, жауапты акцияға атсалысып жатқанда, тұрғындар үйлерінен тым болмаса жарты сағатқа шығып, көмектесуге жарамады.
Үйдің ауласына егілген көшеттердің саясына ертең сол тұрғындардың өздері, балалары саяламай ма? Таза ауасын жұтып, қонақтаған құстардың құйқылжыған үндерін өздері естімей ме?
Тұрып жатқан қаламыздың, көп жүретін көшеміздің, ыстық қоныс үйіміздің жақсы, жайлы, желекті болғаны баршамызға ортақ емес пе, ағайындар?! Өскелең ұрпаққа қандай үлгі-өнеге беріп отырмыз? Сіздер не дейсіздер?

Пердеш ЕСЕНБЕКОВ,
Қаратау аудандық ардагерлер кеңесі
төрағасының орынбасары