ИАССЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында Иассы ауылдық округінде орналасқан 4 жалпы білім беретін мектепте жиын өткізілді. Бұл шараның басты мақсаты – құқықтық білімді жетілдіру, жасөспірімдерге заңды түсіндіру, олардың құқықтық жауапкершілігін арттыру.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тажыбеков, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Алихан Алентаев, мектеп директорлары, мұғалімдер мен оқушылар, сондай-ақ полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Бақытжан Букебаев пен Нұрғазы Тажыбеков жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қылмыстық жауапкершілігі туралы сөз қозғап, қылмысқа қарсы күрес жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Олар кәмелетке толмағандардың түнгі уақыттағы ойын сауық орындарында жүруі, сондай-ақ түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде жүруге болмайтынын ескертті.
Жастарға түнде көшеде жүргені үшін бірінші ескерту берілетіндігі және бұл ереже сақталмаған жағдайда айыппұл салынып, есепке алынатыны туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, жастарды заңды және әлеуметтік пайдалы қызметке тәрбиелеу, қылмыстық қызметке жол бермейтін қағидаларды қалыптастырудың маңыздылығы айтылды.
Құқық бұзушылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық білім беру мекемелері мен қоғамның ортақ міндеті екендігі атап өтілді. Жиын барысында жасөспірімдерге құқықтық білім мен тәрбие беру жұмыстарының белсенді жүргізіледі, жастардың өз құқығы мен міндеттерін дұрыс түсінуі үшін профилактикалық шаралар жалғасын табатын болады.