БӨГЕНДЕ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

111

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев Бөген ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, балық өсіруді қолға алған кәсіпкерлер

Қалдыбек Сағымбайдың және Мағжан Әмзебаевтың шаруашылықтарында болды.

Қалдыбек Сағымбайдың “Нұрсұлтан” шаруа қожалығының аумағы 3,2 Га құраса, оның 1,2 Га жеріне тоған қазылған. Онда 16 мыңға тарта шабақ жіберіп отыр. Шаруа алдағы уақытта “Ауыл аманаты” жобасына қатысуға ниетті. Сол арқылы 0,8 Га жерге тоған қазып, балық басын ұлғайтуды көздеп отыр. Осылайша ол жылына 30 тн астам балық өсіруді жоспарлауда.

Аудан әкімінің екінші аялдаған шаруашылық жеке кәсіпкер Мағжан Әмзебаевқа тиесілі. Оның шаруашылығының негізі осы жылы қаланып, қазіргі таңда 0,7 Га жерде қазылған тоғанға 5 дана шабақ жіберілген. Кәсіпкер алдағы уақытта “Ауыл аманаты” жобасына қатысып, тоған аумағын ұлғайтуды және балық санын көбейтуді жоспарлауда. Сол арқылы жылына 10 тн балық өсіруді көздеп отыр.

Айта кету керек, биыл ауданда “Ауыл аманаты” жобасының үшінші кезеңіне Бөген, Қажымұқан, Шұбарсу және Төрткүл ауылдық округтері еніп отыр. Оларда көкөніс, құс, балық және мал шаруашылықтары қолға алынбақ. Жалпы жобаға 410 адам қатысып, 400-ден астап жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.