ДІНИ ЖАТ АҒЫМДАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БАҒЫТЫНДА АҚПАРАТТЫҚ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

100

Дін атын жамылған радикалды және теріс пиғылды ағымдардың белсенді әрекеті қоғамдағы ішкі тұрақтылыққа қауіп төндіретіні белгілі. Үздіксіз және астыртын, ең бастысы ел санасын оңай жаулайтын әдіспен – дін атын жамылып жүргізілген мұндай әрекеттер халықты иманынан жаңылдыратын аса қауіпті әрекеттер болып саналады. Осы тұрғыда елімізге және азаматтарға қарсы бағытталған қандай да бір әрекеттерді жасауға қабілетті адамдарды білу, дәстүрлі дінді еліміздің тыныштығына іріткі салатын теріс ағымдардан ажырата білу әрқайсымыз үшін маңызды.

Осы мақсатта аудан жастарына дін мәселесін түсіндіру, дәстүрлі діннен теріс діни бағыттардың ара жігін ажырата білу және деструктивті діни бағыттарға тәуелді болудың алдын алу мақсатында аудандық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері «Деструктивті діни ағымдардың ықпалына тәуелді болудың алдын алу және жат ағым жетегіндегі адамдармен дербес жұмыс жүргізудің ерекшеліктері» тақырыбында кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

С.Әлиев, С.Ерубаев, Отырар жалпы білім беретін мектептерінде өткен жиынды Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Сәрсеков Ғалымжан Рысқұлұлы ашып жүргізіп отырды.

Кездесуге Түркістан облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы маманы, бөлім басшысы Жорабек Жалғас Мұхтарұлы, «Ұлттық сараптамалық талдау орталығы» ҚҚ-ның дінтанушы маманы Марат Ержігітов, аудандық Жастар ресурстық орталығының теолог-маманы Назира Сауытбаевалар қатысып, келелі ойлары мен тың ақпараттарымен бөлісті.

Іс шара барысында мамандар дәстүрлі исламның қазіргі кездегі пайда болып жатырған теріс діни ағымдардан айырмашылығын, олардың қоғамға келтіріп жатырған зияндары туралы мәлімет бере отырып, өзін және жақындарын теріс діни ағымдар шырмауынан алшақ болу керектігін түсіндірді. Қазіргі уақытта жастарымыздың көбісінің діни білімінің төмендігінен алдау-арбауға оңай беріліп, адасып жатырғанын мысал келтіре отырып жеткізді. Теріс діни ағымдарға тәуелді болудың алдын алу және исламдағы отбасы мәселесі жайында кеңінен түсіндіріп, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тыйым салынған экстремистік, террористік ұйымдар туралы ақпарат берді.

Кездесу соңында іс-шараға қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптар алды.