Абай ауданында демеуші есебінен биыл төрт спорт алаңшасы пайдалануға берілді

651

Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, балаларға спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласы Абай ауданында заманауи ашық спорт алаңшасы ел игілігіне берілді.

Самал 3 шағын ауданы Ізгілік және Юсупов көшесінің қиылысында орналасқан көп функционалды спорт алаңшасының ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Қала басшысы бұқаралық спортты дамытудың негізінде сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастыратынымызды айтып өтті. Сонымен бірге барша қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Спорт алаңша жеке кәсіпкер «Eurasian Resources Group» ЖШС-нің жеке қоры демеушілігі есебінен салынды. Қаржы көлемі – 14,5 млн теңге. Құрылысын жүргізген мердігер мекеме «Ферротекс» ЖШС-гі. Жалпы ауданы 324 шаршы метрді құрайтын бұл нысанда спорттық жабдықтармен және дене шынықтыруға арналған қондырғылармен жабдықталған. Мұнда спорттың волейбол, баскетбол футбол түрімен және стрит воркаутпен айналысуға болады.

Бұқаралық спортты дамыту бойынша атқарылған жұмыстар жайын айтып өткен аудан әкімі Б.Парманов 2014 жылдан бері ауданда жалпы 222 аула абаттандырылып, 58 спорт алаңшасы салынғанын жеткізді.

«Өзіңіздің тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуы мен қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау туралы берген тапсырмаңызға сәйкес осы жылы балалар және спорт алаңшаларын орнату жұмыстарына 1 млрд 389 млн.теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржылар 21 көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыруға, 12 спорт алаңшаларын ағымдағы жөндеуге, 35 спорт алаңшаларын орнатуға жұмсалады»,-деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, ауданда «Шымкент қайырымды қала» қоры арқылы демеушілік есебінен 4 спорт алаңшасы орнатылды.