ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДА ТАРИХИ БАЙЛАНЫС НЫҒАЯ ТҮСПЕК
Шымкентте «Қазақстан мен Өзбекстан тарихының зерттелуінің өзекті мәселелері» тақырыбы аясында ғылыми-тәжірбиелік конференция басталды. Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігінің архив, құжаттама және кітап ісі комитетімен бірлесіп, Өзбекстан Республикасы архивтерінің Қазақстан Республикасындағы күндері өтті. Айтулы дата аясында екі ел арасындағы тарихтың зерттелуі мен өзекті мәселелер талқыланды.
Ғылыми конференция Қазақстан мен Өзбекстан тарихының ғылыми еңбектерін таныстырудан басталды. Көрмеге екі ел ғалымдарының жылдар бойы жүргізген қазба жұмыстарынан тапқан құнды жәдігерлері мен еңбектері қойылды. Жиынның өткізілуіне қала әкімдігі тікелей мұрындық болды.
Конференцияның ашылуында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мұндай жиындарды өткізудің маңыздылығын атап өтті. Айта кетейік, жиын барысында көрші мемлекеттен келген мамандар екі елдің бірігіп жұмыс істеуінің пайдалы тұстарына тоқталды.
Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «УзАрхив» агенттігінің басшысы Ануаржан Алиев Өзбекстан мұрағатында қазақ тарихына да қатысты бірқатар маңызды құжаттардың бар екенін тілге тиек етті.
– Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы арасындағы архивтер саласы бойынша меморандумға 2007 жылы қол қойылып, сол уақыттан бері бірлесіп жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, былтырғы желтоқсан айында екі елдің мамандары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында практикалық бағытты күшейту үшін бірқатар құжатқа қол қойылды. Негізгі мақсат – Қазақстан мен Өзбекстан тарихына көбірек зерттеу жүргізу, архивтерді тереңірек зерттеу. Себебі қазіргі таңда Өзбекстан Республикасының архивтерінде 16 миллионнан астам құжаттар жатыр,– деді «УзАрхив» агенттігінің басшысы.
Айта кетейік, аталмыш жиынның мақсаты – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті мен Өзбекстанның Әділет министрлігі жанындағы «УзАрхив» агенттігінің 2023-2026 жылдарға арналған мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту. Сондай-ақ, архив ісі бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытып, архивтерді дамытудың инновациялық идеяларын қалыптастырады, тәжірбие алмасады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлгінің Архив құжаттама және кітап-ісі комитетінің басқарма басшысы Ыбырайым Бабаев екі ел арасындағы меморандум бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Екі ел арасында архив ісі саласындағы меморандумға 2007 жылы қол қойылған. Одан кейін «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2007-2010 жылдар арасында Өзбекстанның мұрағатынан көптеген құжаттар келді. Меморандум аясында біршама жұмыс жолға қойылды. Былтыр желтоқсан айында екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайту үшін жоспар құрдық. Барлық құжаттарды заң шеңберінде қараймыз,– деді комитет басшысы.
Конференцияға өзбекстандық қонақтардан бөлек еліміздің барлық аймағынан архивтер саласында қызмет ететін мамандар қатысты. Ғалымдар арасында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Тарихи-мәдени мұраға бай өңірді көршілес елдің ғалымдарына таныту мақсатында кесенелер мен тарихи орындарға экскурсия ұйымдастырылды.
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ