ШЫМКЕНТТЕ «АРМАНДА» БІЛІМ ЖӘНЕ БИЗНЕС ФОРУМЫ ӨТТІ

168

Бүгін Шымкентте «АРМАНДА» атты республикалық форум өтті. Шілде айында Астана қаласынан бастау алған бұл форум қоғам қайраткерлерін, меценаттарды және барлық білмекке мүдделі қазақстандықтарды бір мақсатқа біріктіріп отыр. Шараның негізін қалаушы әрі ұйымдастырушысы – психология ғылымдарының кандидаты, медиаменеджер, қоғам қайраткері Арман Давлетяров.

Шымкент қаласында өткен форумда көпшілікке Нұрлан имам ретінде танылған Нұрлан Байжігітұлы, белгілі журналист Ләйлә Сұлтанқызы және продюсер Жан Мұқанов спикерлік етті.
Ұйымдастырушылар «АРМАНДА» білім, бизнес форумы тек арман туралы ғана емес, білім, мақсат, әрекет, қозғалыс, қуат, еңбек және нәтиже туралы шара екендігін айтады.
– Әрбір адам өмірде болатын жағдайларға дайын болуы керек. Өз басымнан да қиын кезеңдер өтті. Сол кезде түйген ойларым мен өмірден алған сабағымды көпшілікке жеткізсем деген оймен форумда қозғайтын тақырыбымды «Әйелдің жаны емес, қабілеті қырық» деп алып отырмын. Байқағаным, әсіресе, әйел адамдарға осындай мотивациялық дүниелер керек екен. Мәселен, елімізде өз ісін ашқысы келетін әйелдер көп. Сол үшін бизнесті неден бастау керек, қалай бастау керек деген сұрақтар көбірек туындайтынын білдім. Сондықтан, олар үшін өзекті мәселелерге көбірек тоқталып, барынша нәтижелі етуге тырыстым. Форум Түркістан, Қызылордада да өтті. Сондықтан жоба аясында республиканың он жеті өңірін аралаймыз, әр қалада спикерлер ауысып отырады, – деді тележурналист, форум спикері Ләйлә Сұлтанқызы.
Форумда қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер – білім беру, отбасы құндылықтарын сақтау тақырыптары қозғалып, жастардың рухани және әлеуметтік дамуы бойынша пікірталас алаңына ұласты. Форумға келген жастар мен студенттер өздерінің сұрақтарын қойып, тіпті кәсіппен айналысып жүрген жастар сол жерде бизнестегі дұрыс қадамды тәжірибе жүзінде іске асырып та көрді.
Айта кетейік, форумның іс-шаралары бұған дейін Астана, Қызылорда,
Түркістан қалалрында өткен. Мұнан кейін де еліміздің бірқатар қалалары мен өңірлерінде өтеді деп жоспарланған. Сонымен қатар, қатар спикерлер форум аясында өңірлердегі балалар үйлеріне, қарттар үйлеріне және басқа да әлеуметтік мекемелерге барады.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

«Шымкент келбеті»