Е-SHANYRAQ: ТЕХПАСПОРТ ЕНГІЗУ АЯҚТАЛДЫ

131

Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының 2024 жылдың 5 айында атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз брифингі өтті. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Мерлан Керімжанов сәулет-құрылыс бақылау, құрылыс қызметi субъектiлерiн лицензиялау және мамандарды аттестаттау, газ-техникалық инспекция бағытында жүзеге асқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлардан хабардар етті.

Басқарманың мәліметінше, биыл 56 құрылыс нысанына тексеру тағайындау жоспарланған. Жоспарлы тексеру нәтижесінде 35 құрылыс нысанында анықталған заң бұзушылықтарға тиісті талаптар қойылып, нұсқама берілген.
Басқарма тарапынан 42 құрылыс нысаны бойынша 92 әкімшілік хаттама толтырылған. Атап айтқанда, құрылыс процесіне қойылған талаптарды толық орындамау, құрылысты жобасыз, авторлық-техникалық қадағалаусыз бастау сынды бірқатар заңсыздықтар тіркелген. Қала аумағындағы заңсыз құрылыстарға қатысты 29 нысан және құрылыс сапасына қатысты 8 нысан бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, азаматтар тиісті жауапкершілікке тартылған.

– Сәулет, қала құрылысын бақылау бағытында заңнама талаптарына сәйкес, 37 нысанға талап-арыздар жолданды. 37 құрылыс нысанына мәжбүрлеп бұзу туралы сот шешімі шығып, 17 нысан сот шешіміне сәйкес мәжбүрлеп бұзылды. 5 айда басқармаға лицензиялау бойынша жалпы саны 366 өтініш түсті. Оның ішінде 119 өтініш бойынша лицензия берілген, 11 өтінішке лицензия беруден бас тартылған, 236 өтініш кері қайтарылған. Сондай-ақ, жыл басынан құрылыс саласында сарапшылық жұмыстарды және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру үшін 33 сарапшы аттестаты берілді, – дейді М.Керімжанов.
Тұрғын үй инспекция саласы бойынша мүліктік меншік иелері бірлестігі институтын енгізу жөніндегі реформаны іске асыруда бүгінде қала бойынша 157 мүлік иелері бірлестігі, 1699 жәй серіктестік құрылып, жұмыс істеуде. «Е-shanyraq» республикалық-ақпараттық жүйесі бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің техникалық паспортын енгізу қазіргі таңда аяқталды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық заңнамасына сәйкес әрбір тұрғын үй басқару жүйесін өздері таңдай алады. Басқарма тарапынан азаматтарға түсіндіру жұмыстары атқарылуда.
Сонымен қатар, басқарма тарапынан 794 лифт қадағаланады. Тұрғын үйде орналасқаны – 645, денсаулық сақтау мекемелерінде – 55, білім беру нысандарында – 37, қоғамдық орындарда, қонақүйлерде 57 лифт жұмыс істеп тұр. 2024 жылы 20 лифтіге комиссиялық сынақ жүргізілген.

Тағабай ҚАСЫМ