2024 ЖЫЛДЫҢ 8 МАУСЫМНАН БАСТАП ҚР «МЕМЛЕКЕТТІК СТАТИСТИКА ТУРАЛЫ» ЖАҢА ЗАҢЫ КҮШІНЕ ЕНЕДІ

88

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Ерназар Құлтаев айтты.

«2024 жылғы 6 сәуірде Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика туралы» Заңының 12-1 (Әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау) және 12-2 (Респонденттерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау) баптарына өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістер БАҚ беттерінде жарияланған күннен 60 күн өткен соң, яғни, 2024 жылғы 8 маусымнан бастап күшіне енеді,»-деді Е.Құлтаев.

Енді әкімшілік деректерге қатысты мемлекеттік бақылау қашықтан бақылау, мерзімді және жоспардан тыс тексеру нысанында жүзеге асырылатын болады. Бұл шаралардың барлығы респонденттердің әкімшілік деректер мен бастапқы статистикалық мәліметтерді ұсыну тәртібін бұзуын азайтуға бағытталған.

12-2 баптың 1-ші тармағында жаңа редакцияда — мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау респонденттерге бармай жүзеге асырылатын болады.

Енді респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді ұсыну кестесінде көрсетілген мерзім ішінде есеп уақтылы тапсырылмаса, профилактикалық бақылаусыз-ақ, респонденттер айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке бірден тартылатын болады.

Респонденттердің анық емес статистикалық деректерді ұсынғаны анықталған кезде, статистикалық нысанды қайта ұсыну не ұсынылған бастапқы статистикалық деректердің анықтығын растайтын қосымша ақпаратты бір жұмыс күні ішінде беруді және түзетулер енгізу қажеттілігі туралы ұялы байланыстың абоненттік нөміріне немесе электрондық мекенжайына хабарлама жолдай алады. Респонденттердің анық емес бастапқы статистикалық деректерді ұсынғанын көрсететін жеткілікті негіз болған кезде Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес әкімшілік іс қозғалатын болады.