ЖУРНАЛИСТЕРДІ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

156

28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай аудандық мәдениет үйінде іс-шара өтіп, аудан әкімі Азат Оралбаев аудандық «Ордабасы оттары» газетінің ұжымын кәсіби мерекемен құттықтап, марапат жасады.

— 89 жылдан бері оқырман қауымның айнымас серігі, рухани азығына айналған «Ордабасы оттары» газетін жаңалық пен жақсылықтың жаршысы деп санаймын. Сіздер аудандағы жаңалықтарды салмақты сөз, салиқалы пікірлеріңізбен жеткізіп, халықтың жүрегіне жол тауып келесіздер. Бәріңізге шығармашылық шабыт, ұшқыр ой, қарымды қалам, жемісті еңбек тілей отырып, кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, — деді аудан әкімі.

Шарада аудандық мәслихат хатшысы Бақдәулет Жұмабеков пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей де журналистерге ізгі тілектерін жеткізді.

Өз кезегінде аудандық газеттің директор — Бас редакторы Ғалымжан Зиябек сөз алып, редакция атынан ризашылығын білдірді. Газет ұжымының талапқа сай жұмыс істеуге мүмкіндігі бар екенін, халық пен билік арасындағы алтын көпірге сызат түсірмеу жолында жылдар бойы жалғасып келе жатқан жұмыстар жандана беретіндігін жеткізді.