Ұлылардың ізі музейлерде қалады

34

Музейдің ғылыми қызметкерлерінің салалас ғылыми-зерттеу мекемелерімен, ғалым­дармен байланысы өмірі үзілмейтін алтын шынжыр.

Менің ұлы ғұлама шығыстанушы, фарабитанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлімен музейге байланысты жұмы­сым Әбекеңнің 1975 жылы Солтүстік Аф­рикадағы Марокко мемлекетінің астанасы Рабат қаласынан Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің негізін қа­лаушы Асантай Әлімовқа жазған хатымен байланысты. Сол хаттың мәтіні мы­надай:

«Африкадан сәлем!

Саламатсыз ба, құрметті Асеке! Қалай, хал-жағдайыңыз жақсы ма? Міне, бұл хат­ты Солтүстік Африкадан, Марокко мем­­­лекетінен жазып отырмын. Осы мем­ле­­кеттің астанасы Рабат қаласындағы уни­вер­ситеттің араб тілі кафедрасында, әрі ас­пирантураның соңғы курсын тәмам­дап, сон­­дай-ақ, өз жұмысымды аяқтау үстін­де­мін.

Шаһар Атлантика мұхитының жағасын­да, өте әсем қала. Жергілікті халқы арабтар.

Асеке, өзіңізде нендей жаңалық, өзгеріс­тер бар? Әл-фарабидің юбилейін қалай өт­кіздіңіздер?.Мен қатынаса алмағаныма әлі өкінудемін. Осы мемлекеттің ғалымда­ры (2 адам) барып қайтыпты. Ауыздарының суы ағып әңгіме етеді. Асеке, реті келсе хат жазып тұрыңыз. Сәлеммен Әбсаттар. Рабат».

Бірде ұстазым Асантай Әлімов атақты шығыстанушы ғалым В.В.Бартольдтың то­ғыз томын кілем қоржынға салып, Арыс­танбабқа апарып, ІҮ томына:

«Отырар кітапханасына бата:

Жолымда ұстаған,

Өзіме ұқсаған.

Әбілда шәкіртім,

Өнерім жұқ саған.

Ұстазың Асантай Әлімов. Арыстанбаб мавзолейі. 15.10.1986 ж.» деп өзінің өне­гелі өмір жолын тілеп бата жазып берді. Сонда музей-Адам Асантай ұстаз атақты шығыстанушы, Фарабитанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің осы хатын маған В.В.Бартольдтың шығармаларымен қоса тапсырып тұрып:

Әбілда, мынау өзіңе талай айтқан Әбсаттар Дербісәлиевтің маған Африкадан жазған хаты, музей ашсаң қоярсың. Музей ісін КАЗГУ-ге барып осы ғалыммен ақылдас. Әбсаттар 1975 жылғы жаз айында музейге келді. Қасында кандидаттық диссертациясының жетекшісі ұстазы Мос­ква­лық ғалым Юрий Николаевич Завадавский бар. Оларды суретке түсіртіп алдым. Екі ғалым маған музейге байланысты көп ақыл-кеңес айтты,-деген.

Әбекеңе-Әбсаттар қажы Дербісәлі Әбу Нәсір әл-Фарабидің туған жері Фараб-Отырарға сапары туралы «Забытые мыслители Великой степи (ІХ-ХХ вв.) деп аталатын кітабында: «Летом 1975 года Юрий Николаевич собрался поехать Южный Казахстан, чтобы увидеть родину Абу Насра аль-фараби-Отрар… Посмотрели так называемый Отрарский холм-городище Отрар. Из обнаруженных экспонатов городища житель Отрара Асантай Алимов на общественных началах создан музей. Мы восторгались его экспонатами. Поехали в Туркестан. После осмотра мавзолея Ходжи Ахмеда Ясауи вернулись в Шымкент»

Мен КАЗГУ-ге жеттім. Әбекеңе – Әбсат­тар қажы Дербісәліге жолықтым. Ме­нің бұл түренді сапарым әрі қарай жалға­са берді:

Музей туралы әңгімеміз ғылыми ке­ңес болды. Музейдің сан-салалы ғы­лы­­ми-жинастыру, ғылыми-экспедиция, ғы­­лы­ми-зерттеу, ғылыми-баспа, ғылыми-экспозиция, ғылыми-қор, тақырыптық-экс­позициялық жоспары, т.б. жұмыстары туралы көп-көп пікір айтып, кеңес берді.

Ақыры 2011 жылы «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейі ашылып, Әбсаттар қажы Дербісәлі ағамыз өзі келіп, «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейі қорындағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды зерттеудің сақтаудың проблемалары» деген тақырыпта дөңгелек стол өткізіп, баянда­ма жасап, рухани мұраларды сақтаудың да, зерттеудің де методологиясын айқындап берді.

Әбсаттар қажы Дербісәлі бұл Ислам әдебиеттерінің арасында Құран Кәрімнің көптеген нұсқалары мен тәпсірлері, хадис пен хадистану ғылымымен байланысты шығармалар, фикх-Ислам құқығы мен Ислам теологиясы (Ақаид), Ислам тарихы мен философиясы, логика, тіл ғылымының түрлі салаларына арналған шығармалар, әдеби шығармалар, қиссалар, хикметтер тағы басқа ғылым салаларына қатысты шығармалар, хусни хаттар барлығын, осын­дай баға жеткісіз рухани дүниелердің қазақ арасында сақталуы біздің ата-баба­ларымыздың қаншалықты білімдар бол­ған­дығының айқын дәлелі екендігін, осы кітаптарға иелік етіп, игерген ғұламалар осы халықтың арасында өмір сүріп, оларды руханият нәрімен сусындатып, жақ­сылық пен жамандықтың, адалдық пен арам­дықтың ара жігін ажыратып, халықтың қоғамдық өмірдегі тыныштығын осы Ислам құқық негізінде сақтап отырғандығын тағлымдап айтқан. Сонымен бірге, ғалым бұл еңбектерден Ислам тарихында Ислам ғылымының өркендеп, дамуына түріктен шыққан ғұламалардың еңбектері шешу­ші ие болғанын, мысалы, Отырар ислам әлемі­нің  шығысында ірі ғылым мен мәдениет ошағы болғанын, Әбу Нәсір әл-Фараби бастаған ғұламалар легі бүкіл Ислам әлемінің өсіп өркендеуіне қызмет ошағы болғанын Әбу Нәсір әл-Фарабидің Алланы танудың рационалдық жолын көрсеткені үшін екін­ші ұстаз атанғанын, араб тілі грамматикасы мен сөздіктері осы Отырар жерінде жазыл­ғанын аңғаруға болатындығын аңғартқан.

Біз Әбсаттар қажы ағаның сүрлеуімен 2011 жылы филология ғылымдарының док­торы, профессор Досай Кенжетайдың ре­дакторлығымен сол көне қолжазба, тасбаспа кітаптардың каталогын «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайы қорын­дағы сирек кездесетін кітаптар мен қол­­жазбалар каталогы» деген атпен шы­­ғар­­­дық. (А.Жұмашев, З.Жандарбек, Р.Мұзаффаров).

Шығыстанушы, фарабитанушы ғұлама ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің тағы бір ізі қалған музей «Әзірет-Сұлтан Ұлт­тық тарихи-мәдени музей-қорығы. Бұл музейдегі кезеңін Әбекең – Әбсаттар қажы өзінің інісі, мемлекет, қоғам қайраткері, ғалым Әлімжан Сейітжанұлы  Құртаевтың демеушілігімен шыққан «Забытые мыслители Великой степи (ІХ-ХХ в.в.)» деп аталатын кітабында былай еске ала жазады:

…Тем не менее я сомневался предпологал что открытие факультета востоковедения затянется надолго. В 1989 г. Я записался на прием к секретарю Центрального комитета Компартии Казахстана Озбекали Жанибекову. Мы познакомились еще в 1978 г. Во время двухмесячного пребывания в Туркестане в период реставрации мавзолея Ходжи Ахмеда Яссауи». Осы сапарында шығыстанушы ғалымның әлемде теңдесі жоқ сопы ақын Ахмет Ясауи кесенесінің іші-сыртында­ғы араб жазбаларын аударғандығы туралы бір деректі сол жылдары «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері болып жұмыс істеген Рахия Сүлейменқызы Жүзбаева былай баян­дайды:

«Кесенені музейлендіру жұмысына Ал­матыдан небір хас шеберлерді кезек- кезегімен алдыртып отырды. Солардың бірі сол жылдары  ҚазМУ-нің филология факультетінің деканы қызметін атқарып жүрген Әбсаттар Дербісәлиев ағамыз еді. Ғимараттың іші-сыртындағы араб жаз­баларының аудармасын жасап жүрген ағамызға ендігі жерде кесенеде сақталған құлпытастардың бетіндегі жазуларды оқу барысында маған ол кісінің жанына көмек­ші болу ісі бұйырды. Себебі, біріншіден, кесене ішіне әлі де электр жарығы толық тартылып үлгермеген, құлпытастар әр жерде шаң-тозаң басқан күйінде тұрған. Менің міндетім, бір қолымдағы уақытша сымға жалғанған электр лампасымен құлпытасқа жарық түсірсем, екінші қолымдағы  ше­лектегі сумен тас бетіндегі шаң-тозаңды жуып отыру. Әбсаттар аға болса сол замандағы қалайы қасықтың көмегімен тас бетіне арнайы (халька) қағазын қойып, ыс­қылай отырып жазу сұлбасын түсіріп алатын да, алынған сол сұлба арқылы аударма жасап отыратын. Кетерінде барлық аудармасын оқушының көк дәптеріне көшіріп, музейдің қорына тапсырып кетті…

Белгілі арабист Әбсаттар қажы Дербісәлі аудармасындағы тастардың мәтіндері туралы Марат Тұяқбаев «Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар» деген кітабында (2000) сөз етеді.

Арабист-аудармашы Әбсаттар қажы ар­найы жинақталған көне қолжазба, тасбаспа кітаптар мен кесене-мазараттардағы құлпытастардың эпитафиясын ғана емес, жеке кісілердің қолында кездейсоқ сақталып қалған араб-парсы тіліндегі әдебиеттерді де зерттеп аударған және мерзімді баспасөзде жариялап, қалың оқырманға, зерттеушіге жеткізген. Мәселен, арабист ғалымның 1977 жылғы 17 тамызда «Лениншіл жас» га­зетінде жарияланған «Қиырдан келген кітап» деген мақаласы осыған айғақ. Онда Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Мың тоғыз жүз жетпіс бесінші жылдың қыркүйек айының бас кезі еді. Шымкент педагогика институтының доценті, марқұм Әділ Ермеков пен осы оқу орнының әдебиет кафедрасының меңгерушісі, доцент Мү­сілім Қожықов Шаян селосынан Тәжі­бай Өсербаев деген жігіттің келіп, қазба жұмы­сы кезінде араб әрпімен жазылған бірне­ше кітаптардың табылғанын хабарлағанын, әрі сол кітаптардың біреуін өздеріне әкеліп тапсырғанын айта келе, оны ішкім оқып ажырата алмағанын айтып «қарап берсең» деген өтініш жасады. Кітап сары қағазға литографиялық тәсілмен басылыпты. Біраз жерлері мүжіліп, бірнеше беттері жыртылып та үлгерген. Жер астында ұзақ жылдар жатқаны көрініп-ақ тұр. Түбі бірнеше жерден қара жіппен көктелген. Кітаптың көлемі өте үлкен екен. Бес жүз қырық алты бет. Кітаптың сыртқы-жұқалау мұқабасының үстіндегі жағына ірі әріптермен араб тілінде мынандай нақыл сөздер эпиграмма ретінде берілген: «Инна ал-нахуа фи-л-қалам, ка-ал-милхи фи т-тағам». Мұның сөзбе-сөз аудармасы былай болып шығады: «Грамматика сөзде, тағамдағы тұз сияқты». Бұған қарап бұл еңбек тіл білімі жайлы жазылған трактат болды ғой деген ой келді бізге. Одан төменіректе майда әріптермен араб тілінде тағы да бірер сөйлем жазылыпты: «Араб тілінің қиындығын оңай меңгере отырып, осындай жинақты түзу туралы (Әміршінің) бұйрығына мойынсұнып, осы секілді, ақ трактаттар (рисала) мен тамаша діни еңбекті (эмпирей) жазу үстінде терең ойлы грамматикалық сөз тіркестерін тудырған кісінің даңқы артсын. Ол (адам) мынадай есімі арқылы мәшбүр еді! Ар-Ради ал-муфти Мұхаммад Иусуф, Алла (тағала) сақтай көр оны ажалдан. (Сондай-ақ) Иусуф сынды құлыңды бәле мен жаладан да қорғай жүр».

Келтірілген сөйлемді оқи отырып, екі түрлі жорамалға келдік. Біріншісі бұл еңбек белгісіз әміршінің бұйрығымен, яки соған сыйға тарту мақсатымен жасалған дүние. Мұндай жәйттер Шығыс әдебиетінде, сон­дай-ақ тарихында жиі кездесетіндіктен де біз бұған таңдана қойған жоқпыз. Араб әдебиетінен үлкен орын алатын атақты әдебиетші Абу л-Фарадж ал-Ис-фаһани (Х ғ.) өзінің жиырма төрт томдық «Китаб ал-Аганиын» (Жыр кітабын) Шамдағы Хамданиттер әулетінен шыққан әмірші Сайф ад-Даулаға (944-967) арнағаны, соңыра сол үшін аса бағалы сыйлықтар алғаны бесенеден белгілі. Әлемге әйгілі данышпан ақын Фирдоуси де өзінің «Шахнамесін» әміршісіне сыйға тартқаны әмбеге аян. Тіпті арыға бармай-ақ жер жиһанға мәшһүр жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби де өзінің атышулы «Музыканың үлкен кітабы»  («Китаб мусик аль-кабир») атты туындысын жоғарыда айтқан Сайф ад-Дауланың әмірімен жазғанын тәптіштеп айтады».

Арабист ғалым Әбсаттар қажы Дер­бісәлі өз лабораториясындағы сан салалы жұмысымен жүріп жансебілділікпен Әбу Нәсір әл-Фараби және оның арғы бергі із­басарларының ғылыми шығармашылық өмір­баянын, еңбектерін әлемдік кітапхана, архивтерден, музейлерден жеке кісілердің қолынан іздеп тауып, ғылыми айналымға енгізген шығыстанушы ғалым, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тө­рағасы, бас муфти, (қазіргі шығыстану институтының директоры) шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі еді.

Мәселен ол бір-бірінің жалғасы іспетті «Шыңырау бұлақтар» (1982), «Қазақ даласының жұлдыздары» (1995), «Исламның жауһарлары мен жә­дігерлері» (2008), «Забытые мыслители великой степи ІХ-ХХ в.в.» (2021) т.б. тарихи филологиялық зерттеу еңбектерінде Отырардан шыққан ойшылдарды, шауғар-йасылық ғалымдарды, жендтік дара­боздарды, исфиджабтық-сайрам­дық, бай­далық дара тұлғаларды, усбани­кас­тық ғұ­ламаларды, тараздық тарландарды, шел­жілік парасат иелерін, Жілік перзент­терін, баласағұн ғұламаларын елге танытты.

Араб тілі мен әдебиеті, тарихы, қазақ әдебиеті мен мәдениеті, тарихы, шығыс халықтарының ой-дүниетанымы, рухани байланысты, жауһарлары мен жәдігерлері туралы 300-ден астам ғылыми еңбек жазған Әбсаттар қажы Дербісәлі фарабитану ісін өмірлік мақсат еткен ғалым.

Ол-қазақстандық фарабитанушылардың арасында араб, парсы түп деректерін өзі жинап, өзі тәржімалай зерттеген бірден бір шығыстанушы ғалым.

«Мәдени Мұра» мемлекеттік бағ­дарла­масы аясында құрамында сол кез­дегі Қа­зақстан Республикасы Діни басқар­ма­сы­ның төрағасы, Бас муфти Әбсаттар қажы Дербісәлі, «Білім» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы, Әбу Нәсір әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің ректоры Төлеген Қожамқұлов, Отырар ау­данының әкімі Әлімжан Құртаев, Абдулла Жұмашев (қазіргі «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының негізін қалаған тұңғыш директоры), «Хабар» агенттігінің журналистері бар Қазақстан делегациясы (делегация басшысы Әбсаттар қажы Дербісәлі) 2006 жылы 7-16 наурызда Әбу Нәсір әл-Фараби мен Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың Дамаск (Шам) шаһарындағы қабірлеріне туған жер топырағын салып, қабір топырағын Арыстанбаб мазаратына салды.

Әбу Нәсір әл-Фарабидің қабір топырағы салынған урнаның беті: «Ұлы ұстаз Әбу Нәсір әл-Фарабидің (870-950 ж.ж.) Шам шаһарындағы зиратынан топырақ әкелініп, осы жерге қойылды. Тағзым! 16 наурыз, 2006 жыл», ал, Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстікі: «Көрнекті мемлекет қайраткері, атақты қолбасшы Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың (1217-1277 ж.ж.) Шам шаһарындағы зиратынан топырақ әкелініп, осы жерге қойылды. Тағзым! 16 наурыз, 2006 жыл» деп жазылған монументалды мемориалдық ескерткіш мәрмәр тақталармен жабылып, айналасы абаттандырылды. Кейін 2016 жылы Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов бұл киелі тағзым орнын қайта жаңғыртып, мәрмәрмен қаптатып, күптетті, айналасына жарқыратып шам жақтырды.

«Тағзым» мемориалдық кешенінің жалпы аумағы-16х31 метр; ескерткіш тақталардың өлшемі-120х37х60 см; Әбу Нәсір әл-Фараби мен Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс тағзым тақталарының арасы-8 метр, 40 сантиметр.

Арыстанбабтағы Әбу Нәсір әл-Фараби мен Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс мемориалының ашылуына Қазақстан делегациясының басшысы, шығыстанушы ғұлама ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің, Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Болат Жылқышиев пен Сенатор Қуаныш Айтаханов, Отырар ауданының әкімі (бұрынғы Сенатор) Әлімжан Құртаев, Абдулла Жұмашев (қазіргі Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің тұңғыш директоры) әкімнің орынбасары Жақсыбек Асылбек, ғалым Құлбек Ергөбек, сәулетші Әмір Мұса көп еңбек сіңірді.

«Тағзым» мемориалының ашылуы «Бірі ғалым, бірі сұлтан, екеуі де саф алтындай мұнара» (Әселхан Қалыбекова) болған Әбу Нәсір әл-Фараби мен Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың рухына құрмет болып табылады.

Енді осы киелі рәмзи орынға мемлекет тарапынан көк күмбез тұрғызылса, ұлы шығыстанушы, фарабитанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің рухына қойылған ескерткіш болар еді.

 

Абдулла Жұмашев,

Әдебиетші, этнограф, музейтанушы.