КОНГО-ҚЫРЫМ ҚАНДЫ БЕЗГЕГІ: КЕНЕ ШАҒУЫНАН САҚ БОЛЫҢЫЗ
Конго-Қырым қанды безгегі – маусымдық ағымымен ерекшеленетін табиғи-ошақтық ауру. Аурудың өршуі ақпаннан қарашаға дейінгі кезеңде тіркеледі. 80% жағдайда диагноз 20 жастан 60 жасқа дейінгі адамдарда расталады. Табиғатта бұл аурудың негізгі тасымалдаушылары мен көздері –әртүрлі кеміргіштер, үй және жабайы жануарлар (ірі қара мал, жылқы, ит, шошқа), сондай-ақ вирусты өмір бойы сақтап, оны ұрпақтарына тарататын кенелер. Сондықтан далада, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдар осы ауруға жиі ұшырайды.
Ауру белгілері
Конго-Қырым қанды безгегінің алғашқы белгілері кенеттен пайда болады. Ауру температураның 40 градусқа дейін көтерілуінен басталады. Күшті безгектің аясында науқастар бүкіл денеде әлсіздік пен ауырсынуды сезінеді. Бет, мойын, жоғарғы кеуде қуысының гиперемиясы, склера тамырларының және конъюнктиваның инъекциясы тән. Егер емделмеген болса, өлімге әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, өлім инфекциялық-уытты шок, өкпе қабынуы, қайталама бактериялық асқынулар нәтижесінде болуы мүмкін.
Конго-Қырым қанды безгегінің алдын алу шаралары
* кене ауруларының алдын алудың ең жақсы жолы – кене шағуының алдын алу.
* алаңды өңдегеннен кейін ғана лагерь құру керек, шөпке отыруға немесе жатуға болмайды.
* саябаққа немесе саяжайға барған кезде жабық киім киген жөн, шалбар етікке тығылған болуы керек және міндетті түрде бас киім киіп, шашыңызды бас киімнің немесе орамалдың астына жинаңыз.
* арнайы аэрозоль және спрей репелленттерін пайдаланыңыз, оларды үш сағат сайын қайталап жағып тұру керек.
* орман аймағында, шөпті өсімдіктері бар жерлерде жүрген кезде әр 10-15 минут сайын өзіңіздің және жаныңыздағы адамдармен бір-біріңіздің үсті-бастарыңызды тексеру керек.
* ашық демалыстан қайтып, киімдерін шешкеннен кейін денені, шаш пен киімді кенелердің, әсіресе бас терісін, қолтық астын, құлақтың артындағы жерлерін мұқият тексеріп, кене бар-жоғына көз жеткізіңіз. Киімді желдетіңіз, бөлмеге бірден гүлдерді, бұтақтарды, аңшылық олжаларды әкелмеңіз.
* бекітілген және жабысқан кенелерді анықтау және жою үшін үй иттерін және басқа үй жануарларын тексеріңіз.
Кене шағу неге қау-іпті?
Жазда серуендеу, саяхаттау, табиғатта болу кезінде кене шағу қаупі жоғары болады. Кене адамға жабысады және анестетикалық затты енгізгендіктен мүлдем ауыртпайды. Аш кене өте кішкентай, көкнәр тұқымының мөлшеріндей ғана болады. Кене адамның денесінде 12 күнге дейін жабысып тұра алады және осы уақыт ішінде диаметрі 2 см дейін өседі. Егер кене шағып алса, ең дұрысы дереу дәрігерге медициналық көмекке жүгіну керек.
Біріншіден, кенені толығымен өз бетінше алу мүмкін емес. Кененің басы жұлынып, жараның ішінде қалуы мүмкін.
Екіншіден, ем-шара кезінде кенені ұсақтауға болады. Жәндіктердің уы денеге тері арқылы да енуі мүмкін. Ем-шараны жүргізушіге жұқтыру қаупі бар.
Үшіншіден, кенені өзіңіз алып тастасаңыз оның жұқтырғыштығын білу мүмкін болмайды және оны тексеру үшін маманға бару керек. Егер кене шағып алғаннан кейін дене температурасының жоғарылауы, ауырсыну, қатты бас ауруы байқалса, дереу дәрігермен кеңесу керек. Өзін-өзі емдеу қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Ж.УТАЛИЕВА,
Шымкент қалалық
№5 емханасының жалпы
тәжіребелік дәрігері