214 ШЫМКЕНТТІК ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ ИЕЛЕНДІ

92

Шымкентте қайтарымсыз грант бойынша комиссия отырысы жұмысын аяқтады. Алғашқы лекте Шымкент қаласының Еңбек мобильдігі орталығына 1 162 адам өтінім беріп, бизнес-идеяларын ұсынған. 4-11 маусым аралығында үміткерлер комиссия алдында жобаларын қорғап, нәтижесінде 214 адамға қайтарымсыз грант мақұлданды.

Әлеуметтік осал топ азаматтарының бизнес-жобасын жүзеге асыру мақсатында берілетін қайтарымсыз қаражат алуға өтінімдер электронды форматта қабылданды. Бұл қолдауға еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдар, қандастар, атаулы әлеуметтік көмек алушы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатын отбасылардан өтінімдер түсті. Қатысушылардың жұмыссыздыққа тіркелген немесе тіркеу мерзімі
3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер болуы керек. Сонымен қоса, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы мерзімі үш жылдан аспайтын сертификаты болуы шарт.
Комиссия өкілдері бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне назар аударды. Комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың
25-і–мал және құс шаруашылығын, 52-сі – қызмет көрсету, 34-і – кондитер және нан өнімдері, 41-і – тігін саласын,
16-ы – жартылай фабрикат өнімдерін, 3-і – жиһаз өндірісін,
35-і – өндіріс саласын, 8-і тамақ өнеркәсібін қамтыды.
Комиссия отырысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы тікелей эфир ұйымдастырылып, қала тұрғындары жұмыс барысына қоғамдық бақылау жасады.
Қазір грант иегерлерімен келісім-шарт түзілуде. Бұл қолдау тұтынушылық мақсатқа, несиені өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер телімдерін сатып алуға, өнім өндіруге берілмейді.