ТҮРКІСТАН: СУ АЙДЫНДАРЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ БОЙЫНША 2500-ДЕН АСТАМ РЕЙД ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН

141

Түркістан облысында жазғы шомылу маусымы ашылғалы бері ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері 2 670 патрульдеу және рейд жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, өзендер мен каналдардың бойында орналасқан 5 500-ге жуық тұрғын үйлерді аралау арқылы түсіндірме жұмыстары өткен. Бұл жайында Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Оразгелді Дүйсен брифингте мәлімдеді.

«Өкінішке орай, атқарылып жатқан ауқымды шараларға қарамастан жыл басынан облыста 37 адамның суға кету жағдайы тіркелді. Олардың ішінде 21-і кәмелет жасына толмаған балалар болып отыр. Балалардың суға батып қайтыс болуының басты себебі – үлкендердің қарауынсыз қалуы және белгіленбеген жерлерде суға түсуі. Су айдындарының жанында балаларды қараусыз қалдыру – қауіпсіздік қағидаларын бұзу болып табылады»- деді басқарма бастығы.

Департамент тарапынан түсіндірме жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Атап айтар болсақ, мектептерде судағы қауіпсіздік бойынша семинарлар мен ашық сабақтар өткізілген. Сонымен қатар, спикер әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың балаларын тегін шомылдыру бойынша, 1500-ден астам бала қамтылғанын жеткізді.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында жазғы өрт қауіпсіздігі бойынша да сөз қозғалды. Түркістан облысының аумағында 2024 жылдың басынан 205 өрт тіркелген. Өрт салдарынан 9 адам зардап шегіп, оның ішінде 4 адам қайтыс болған. Бұл жайында Түркістан облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрболат Педен мәлімдеді. Сонымен қатар, «Орман» жедел-профилактикалық іс-шарасының бірлескен жоспары бекітіліп, құрамында төтенше жағдайлар департаменті, полиция, орман шаруашылығы аумақтық инспекциясы, табиғат қорғау мекемесінен облыстық деңгейде рейттік топ құрылған. Аталған топпен 34 рейд жүргізіліп, өрт қауіпсіздігін сақтамаған 11 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі