АДАМ ПАТРИОТ БОЛЫП ТУМАЙДЫ

69

Бүгінгі қазақ қоғамы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, олардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытуға ерекше мән беруі тиіс. Ал, ол бірер жылда жүзеге аса салатын шаруа емес. Бір қарағанда, бұл – ұлттық құндылықтар, рухани тәрбие, әрі-беріден соң азаматтық, мәдени-әлеуметтік, саяси және экономикалық құндылықтармен үндесетін кең ауқымды ұғым. Міне, осының бәрі Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай жиындарында айтқан идеологиялық пікірлерімен бір арнада тоғысуы қажет. Әлемдік саяси-экономикалық кеңістікте енді ғана қалыптасып келе жатқан біздің ел үшін патриотизмнің, отансүйгіштік сана-сезімінің қалыптасуы мемлекеттік деңгейдегі аса маңызды міндет екені даусыз. Сондықтан патриотизм идеясы тек қана жастар үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін мәні мен мазмұны түсінікті, ел азаматтарын олардың тіліне немесе ұлтына, дініне қарамастан біріктіре алатын, бүгінгі заманның өлшемдеріне сәйкес келетін ұғымдарға негізделуі қажет.
Қазір осы бағытта мемлекеттік деңгейдегі бірнеше іс-шаралар қолға алына бастады. Солардың барлығы да жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге ықпал етуі тиіс. Әңгіме оларды жүйелі түрде, көпшіліктің көкейінен шығатын әрі  мақтаныш сезімін тудыратындай дәрежеде өткізуде. Қазір әлем жұртшылығы саяси және экономикалық тұрақсыздықты бастан кешіруде. Осындай кезеңде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы зор.
Әрине, бүгінгідей сыбайлас жемқорлық дендеп тұрған заманда адамдардың патриоттық сана-сезімін қалыптастыру оңай емес. Сондықтан бұл тұрғыда әлеуметтік-экономикалық мәселелердің оңтайлы шешілуі өте маңызды. Қазір қазақстандық патриотизмді мағыналық жағынан толықтыратын елдегі этносаралық және дінаралық келісім саясаты көпшіліктің қолдауына ие десек, артық айтқандығымыз емес. Этностардың мемлекет ішінде оқшауланып қалуы және олардың әлеуметтік, мәдени, құқықтық жағынан шектелуі ұлтаралық қақтығыстарға әкелері сөзсіз. Сондықтан қоғамдық институт ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі мен мүмкіндігін мейлінше пайдалану қажет.
Ал, патриотизмнің рухани жағына келер болсақ, өз халқыңның тарихын және оның жас ұрпаққа үлгі етер жақтарын білу, халқыңның біртуар ұлдары мен қыздарын мақтаныш ету, олардың ерлігі мен жетістіктерін әлемге паш ету бүгінгідей бәсекелестік заманда патриотизмге тәрбиелеудің маңызды элементі екеніне шүбә жоқ. Дегенмен, ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы бүгінгі ұрпақтың өзге елдердің ұлттық санаға қайшы келетін идеологиясымен улануына себепші болуда. Осындай жағдайда этномәдени тұрғыда тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек. Біз сонда ғана жастарды отансүйгіштікке тәрбиелей аламыз.
Қалай айтсақ та, бүгінгідей цифрландыру заманында қазақстандықтарды патриотизмге тәрбиелеу, көпшіліктің отансүйгіштік санасын қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Өкінішке қарай, кейбір жастар отансүйгіштік сезімін өзіне өмір сүруге қолайлы жерге немесе өзге елдің мәдениетіне айырбастап жатады. Сондықтан отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу ісін балабақшадан бастаған ләзім. Сонда ғана қазақстандық патриотизм ұлттық құндылықтардың іргетасына айнала алады.

Камилжан РЫСМЕТОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Созақ ауданы.