КҮМӘНДІ УАҒЫЗДАРҒА ТОҚТАМ CАЛУ КЕРЕК

80

Ислам – тазалық пен ізгіліктің, имандылықтың жолы. Оны әркім санасымен, жүрегімен қабылдау керек. Сондай-ақ, хақ дінді насихаттау үшін оны уағыздау діни білімі бар және таза ниетті адамдардың  қолында болғаны дұрыс.  Себебі,  биік  талғам жоқ жерде биік парасат та болмайды. Ал, биік парасат  оқу-біліммен, ізденумен келеді. Білім ғана ой-сананы кеңейтіп, адамның  жарқын болашаққа деген сенімін нығайтады.

 

Адам өмір бойы үйренеді,   ұдайы   жетіліп отырады. Әрдайым   өзін-өзі қамшылау, білімдіден  үйрену, білгеніңді үйрету, сол арқылы ізгілікті, мейірімділікті насихаттау саналы адамның ең айрықша қасиеті. Ар қиналмай жан қиналмайды. Ендеше, ар мен жанның тізгіні деп түсінетін дінді абыр-сабыр дүрмекке айналдырмай,  ұрпақтар үмітінің үдесінен шыға алатындай біртектілікке  айналдыру – біздің қастерлі борышымыз. Дінге деген  сергек көзқарас тіршіліктің ырду-дырдуынан жоғары тұрғанда ғана  абсолюттік ұғымға  айналады.  Алайда,  әрбір жұмыр басты пенде өмірлік  зәрулігін тек  діни  бағыттан  ғана  іздесе,  рухани тұйыққа тірелуі мүмкін. Жаратылыстың мақсаты  ол емес. Пенде қаншама құбылмалы тағдыр кешсе де болашағынан  үмітін үзбейді.

Діннің маңызы қиянат жеңсе де әділеттің өлмейтінін, үрей  торласа да үміт жоғалмауы  керектігін ұқтыра білуінде. Сол арқылы адамды сары уайымға салынудан сақтайды. Алайда, соңғы уақытта дін деген осылай екен деп қисынға келмейтін, қайдағы-жайдағы уағызын   айтып,  берекеңді кетіретіндер көбейді. Бәзбір уағызшылар уағызын шариғатты білсін, білмесін,    орасан зор интеллектуалдық білігі жетсін, жетпесін,  оп-оңай  айта салатын болды. Әлбетте, бұл – басқа рухани мәдениеттен қара үзіп,  артта қалғандықтың, даңғойлықтың айқын көрінісі.

Дінді  жарнамаға айналдырып, сол арқылы бедел, абырой жинаймын деп әуреге түсіп, мешітке барғанын, ораза тұтқанын, намаз оқығанын басқаларға міндет ететіндер де көбейіп барады. Өкініштісі, көбіміз оған бас шұлғимыз. Көз алдымызда ұлғайып келе жатқан қатердің ара-жігін  айырып жатпаймыз.   Кейбір «діндарлар» жас жеткіншектің әлі   оң-солын, дұрыс пен бұрысты ажырата алмайтын санасына әртүрлі  күмәнді, кереғар ақпаратты тықпалап, ұлттық салт-дәстүрімізді жоюдың аса күрделі стратегиясын жасақтауда. Қазір мұндай әрекетке бойымыз үйреніп кеткені соншалық, жайбарақат отыра береміз. «Аш құлақтан тыныш құлаққа» әбден үйренгенбіз.

Турасын айтсақ, әсіредіншілдік адамның болашаққа деген  бағдарын тежейді. Әсіредіншілдер   ғылымға емес, мифологиялық сенімге көбірек  иек артады. Кейінгі жылдары ондайлардың қатары тіптен көбейіп барады.

Ал, бұдан ұтыларымыз аз  болмай тұр. Бүгінде ғаламтордағы   арзан уағыздардан құлағың сарсып, сүрініп жығыласың. Әлемдік ақпарат жүйесі елді лайлап, жастардың санасын улап барады.  Интернеттен тәлім алатын жастар  адамзат   тарихын   түгендеп,  түпкілікті зерттеуге, ата-бабамыздың рухани, моральдық,  әлеуметтік тәжірибесін талдауға  құлықсыз. Мұндай тайыздық рухани тұрлаусыздыққа ұшыратады. Біздің «әй, қойшы, онда тұрған не бар дейсің?»  деп немқұрайлы отыруымыз дініміздің қадірін қашырып, мемлекетіміздің  дамуына кедергі келтіреді.

Айтпағым, жастардың күмәнді дін ағымдарына еріп кетпеуі үшін оларға жол көрсетіп, жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беру – аға буынның міндеті. Діннің адалдығына еремін деп жылтыр сөзді, жат пиғылды теріс діни ағымдардың алдауына түсіп қалмауын баршамыз болып қадағалайық. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгіріп жүріп қызмет ететін жастарды тәрбиелеу үшін әсіредіншіл, әсіреқызыл күмәнді уағыздарға тоқтау салуымыз керек.

 

Нұрмахан ТҰРМАХАНҰЛЫ.