ТҮРКІСТАН: АССАМБЛЕЯ ЖАНЫНДАҒЫ АНАЛАР КЕҢЕСІ ЖАҢА ТУҒАН СӘБИЛЕРГЕ ДОМБЫРА СЫЙЛАДЫ
Түркістан қаласында Домбыра күніне орай қоғамда ынтымақтастық рухын қалыптастыру мақсатында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен жаңа туған нәрестелерге сыйлықтар тарту етілді.
Шаһардағы №3 облыстық перинеталды орталығында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі мен облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері айтулы мереке қарсаңында дүниеге келген нәрестелерге ҚХА логотипі бейнеленген домбыраны тарту етті. Жаңа туған сәбилердің ішінде Алтынбек, Асылбек есімді егіздер, сондай-ақ Бек, Ясин, Ахмад, Саийна есімді ұл-қыздар бар.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетовтың айтуынша, халқымыздың қастерлі аспабын ұлықтаған бұл шара Қазақстанның жаңа туған азаматтары мен олардың ата-аналарына балаларын рухани қалыптастыру жолындағы маңызды бағдар болмақ.
Шара барысында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова сәбилерін құшақтарына жаңа алған аналар мен білікті дәрігерлерге құттықтау тілегін білдіре отырып, ҚХА-ның сәбилерге жолдаған арнайы хатын тапсырды. Аталған құттықтау хатта:
«Айналайын! Ұлы далаң, Отаның сені құшақ жая қарсы алады, айналайын! Бұдан кейін сен де ұланғайыр далаңды дүбірлеткен қасиетті домбыра үнінен рух алып, биіктерге еліңмен бірге өрлейсің. Өз өмірің бастау алатын бүгінгі күн – отбасың үшін де, Отаның үшін де ерекше күн. Ол ғасырлар бойы қазақпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық аспап ұлықталатын мерекемен сәйкес келуімен есте қалары анық. Өнегелі, өнерлі жолыңда домбыраң жан серігің болсын, айналайын! Үлкен өмірге жасаған қадамың құтты болсын, Ұлы Дала перзенті!» деген ізгі ниет, жақсы тілектен туған жүрекжарды сөздер бар.
Гүлсара Төлебекқызы өз сөзінде бүгінгі шара Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің «Салауатты Сана» жобасымен үндесетінін тілге тиек ете келе, бұл жобаның нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуге бағытталғанын атап өтті.
Ізгі шарада Түркістан қаласы білім бөлімі «Өнер» мектебінің ұлағатты ұстазы Мақпал Оспанова домбырамен әуелете ән шырқап, жас аналарға көтеріңкі көңіл сыйлады.
Осы орайда, жас босанған аналар тәрбиелік мәні зор осындай іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жылы лебіздерін жеткізді.