ШЫМКЕНТТІҢ ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫ — ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕРГЕ ҮЛГІ
Ұлт саулығы — мемлекет болашағының кепілі.Адам тірі кезінде қадірін білмейтін екі асыл құндылық бар. Оның бірі уақыт болса, екіншісі – денсаулық. Расында да, көбіміз денсаулықтың қадіріне ауырып, қиналғанда ғана жететініміз анық. Денсаулық – табиғаттың адамзатқа тарту еткен ең асыл сыйы.
Қазіргі өркениеттің негізі, дені сау және рухани дамыған адам. Басқа жағынан қарағанда, дені сау ұлт мықты мемлекеттің нағыз белгісі және ұлтымыздың ұлы игілігі. Сондықтан да болар, Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы жыл өткен сайын медициналық қызметтер сапасын жақсартып, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландырып келеді.
Шымкент қаласы бойынша амбулаторлық деңгейде 14 мемлекеттік емхана және 44 жеке меншік медициналық орталық қызмет атқарады. 2021 жылмен салыстырғанда, емханалардың орташа жүктемесі 31 мыңнан 22 мыңға азайған және ауруханалардың төсек орын саны 3989-дан 4793-ке артқан. Өлім-жітім көрсеткіштері 2022 жылмен салыстырғанда 9,3% төмендеген, оның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 20,9%, қатерлі ісіктен 0,2%, туберкулезден 50%, жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім 5,5% төмендеген.
Шымкент қаласы бойынша науқастарға сапалы эндокринологиялық көмектің көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Мәселен, 2023-2024 жылы Гипербариялық оксигенация орталығындағы эндокринологиялық төсек орыны 15-тен 50-ге дейін көбейтіліп, жоспарлы емді күту ұзақтығы 30 күннен асырмауға қол жеткізілді. Сондай-ақ аталған медициналық орталықта 15 төсек орынды ересектерге арналған пульмонология бөлімшесі ашылды. Биыл қаңтар айында №2 қалалық ауруханасының базасында гепатологиялық орталық пен диабеттік табан бөлімшесі өз жұмысын бастады. Онда Шымкент қаласы және Түркістан облысының тұрғындарына медициналық көмек көрсетілуде.
№2 қалалық ауруханасында алғаш рет госпиталдық фармацияның жаңа бөлімшесі және қалалық клиникалық балалар ауруханасында медицина қызметкерлерінің білімін үздіксіз жетілдіру мақсатында «Балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра жүргізу» ресуртық орталығы ашылып, жұмыс істеп жатыр.
Көп нәрсе құрал-жабдыққа да байланысты. Бұл орайда үшінші мегаполиистің медицина саласы заман көшінен қалмай, ілгері ұмтылуда.Өткен жылы босандыру және балалық қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 151 бірлік жабдық сатып алынған, бұл босану ұйымдарының көмек көрсету деңгейінің көтерілуіне ықпал еткені анық. Мәселен, жаңа сатып алынған жабдықтардың нәтижесінде №2 қалалық ауруханасының перзентхана бөлімшесі мен қалалық перзентхана перинаталдық көмектің 3-деңгейіне, ал №3 қалалық ауруханасының перзентхана бөлімшесі 2-деңгейге ауыстырылды.
Шымкент қаласында алғаш рет «Бір күндік клиника» бірегей жобасы іске қосылып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Қалалық перинаталдық орталық базасында ашылған бұл клиникада жүкті әйелдер ерте кезеңде диагностикалық тексеруден өте алады және туа біткен ахауларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Ал №2 Оңалту орталығы базасында ашылған неврологиялық патологиясы бар 0-3 жастағы балаларға арналған орталық қала тұрғындарының көңілінен шығуда.
Тағы бір атап өтер жайт, Шымкент қаласы бойынша 31 медициналық ұйым ұлттық аккредитациядан өткен. Оның ішінде 15-і мемлекетттік және 16-сы жекеменшік медицина ұйымдары. Ал биылғы жылы 23 медициналық ұйымды аккредитациядан өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ 21 медициналық ұйымның дәріханасы GPP стандартына сәйкес сертификатталған.
Шымкент қаласының Денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Атап айтар болсақ, 2024 жылдың 5 айында жоғары технологиялық 385 медициналық қызметтер көрсетілді. Соның ішінде, №1 қалалық клиникалық аурухана базасында бүйрек пен бауыр трансплатациясы, Жүрек орталығында 285 жүрекке ота жасалды. Сонымен қатар, осы мерзімде онкологиялық орталықта 110 күрделі операция жасалынған. Ал №2 қалалық аурухана базасында нейрохирургия орталығы ашылып, күрделі оталар жасалуда.
Өткен жылы қаладағы медицина ұйымдарына 210 бірлік медицина техникасы сатып алдынды және қалалық Диагностикалық орталықтағы зертханаға Германияда өндірілген, заманауи автоматтандырылған модульді анализатор аппараты орнаталды.
-2023 жылдың қорытындысы бойынша айтар болсақ, Шымкент қаласындағы №1, №3, №6, №7 емхана жанына Үздік тәжірибелік орталық ашылды. Соның ішінде жаңа модель алғаш рет №6 емханаға енгізілді. Бұл еліміздің өзге де өңірдегі медициналық ұйымдарға үлгі болуда. Мәселен, Маңғыстау, Қарағанды, Жетісу т.б облыстардан келген 200-ге жуық медицина қызметкерлері біздің мегаполистегі №6 емханаға арнайы келіп, тәжірибе жинақтады. Үздік тәжірибелік орталықтың ерекшелігі – әлеуметтік және медициналық қызмет біріктірілген. Екі қызметті біріктіру арқылы бір топта мейіргер, әлеуметтік қызметкер, психолог мамандардан құралған мультидициплинарлық команда жұмыс жасап, әлеуметтік саланың дамуына оң ықпал етуде, — деп атап өтті Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков
Басқарма бастығы айтқандай, өткен жылы медицина ұйымдарындағы 2978 маман біліктілігін арттырған, 48 маман шетелде, яғни Израиль мен Түркия мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы клиникалар желісінде біліктілігін жетілдіріп, тәжірибе алмасты. Ал биылғы жылы 6500 медициналық ұйым мамандарының біліктілігін арттыру жоспарлануда.
Ұлт саулығы қашанда басты орында және бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Әрбір адам салауатты өмір салтын сақтап, өз денсаулығына сақтықпен қараса жарқын өмірге жол ашылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Ұлт саулығы мен ұрпақ болашағына айрықша маңыз беруде. Демек, өміріңіз бен нұрлы болашағыңыз өзіңіздің қолыңызда, ал денсаулық саласы қашанда Сізге қамқор екенін ұмытпаңыз.
Ерсұлтан Әмірбек
Журналист