Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын қолдау және қоғамдағы инклюзия
Түркістан облысының тұрғындарының назарына ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарау, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау, қоғамдағы инклюзияны, барлық азаматтардың өзара құрмет және теңдік құндылықтарын жалғастыру жөнінде ақпараттарды ұсынамыз. Мүгедектердің құқықтарын іске асыру, оларға объектілер мен қызметтерге кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету, өмір сүру деңгейін көтеру және мүгедектердің қоғамда бірігуіне мүмкіндік беретін заңнамалар қабылдануда. Осыған орай «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» шыққан заңы бар. Қазір мүгедек балаларды инклюзивті білім беру жұмыстары жолға қойылған.
Бұл дегеніміз – балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыру. Яғни баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, жалпы білім беру сапасын сақтап, тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жеткізіп, жақсы өмір сүруге жағдай жасайды. Қазақстанда жақын жылдары мүмкіндігі шектеулі балалардың қатардағы мектепте тең дәрежеде білім алуы туралы стандарт енеді.
Жалпы инклюзия тақырыбы – қоғамдағы өткір проблемалардың бірі. Себебі оған қоғам мен біз дайын емеспіз. Ашық және тең қоғамда өмір сүреміз десек те, мүгедек жандарды көргенде өн-бойымыздың басқа сезімде болатыны жасырын емес. Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу құқықтары «Қазақстан Республикасының балалардың құқықтары туралы», «Білім беру туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзетуге ықпал ету туралы», «Қазақстан Республикасында кемтарларды әлеуметтік қорғау туралы», «Арнайы әлеуметтік қызмет туралы» ҚР заңдары мен Конституциясында бекітілген.