Мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуы баста назарда

90

Түркістан облысының тұрғындарының назарына ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарау, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау, қоғамдағы инклюзияны, барлық азаматтардың өзара құрмет және теңдік құндылықтарын жалғастыру жөнінде ақпараттарды ұсынамыз. Инклюзивті білім беру балаға жеке көмек көрсету мен психологиялық-педагогикалық қолдауды қамтамасыз етеді. Ал бұл процесті жүзеге асыру үшін мектепте балаға психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі ұйымдастырылуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуында сәл бұзушылығы мен ауытқулары бар балалардың дені сау балалармен бірге олардың әлеуметтендіру және интеграция процестерін жеңілдету мақсатындағы бірлесіп  оқыту қарастырылуда. Инклюзивті оқыту  барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Ол  оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатыстырады. Мұндай оқыту адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту – барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеретін, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісінің дамуы. Инклюзивті оқытуды ашқан мектептерде оқыған балалар адам құқығы туралы білім алуға мүмкіншілік алады. Өйткені олар бір-бірімен қарым-қатынас жасауға, танып-білуге, қабылдауға үйренеді.

Адамзат техниканың қарқынды дамуы арқасында жаңа дәуірге аяқ басты, ақпараттық технологиялар біздің өмірімізге шапшаң еніп үлгерді. Ақпараттық технологияларды пайдаланбайынша қазіргі өмірде бағдар табудың өзі қиын болатын жағдай туындауда. Бірақ біз бұл ғасырдың өзге де болмыстық шындығы бар екенін мойындауымыз керек. Білім беру жүйесін ақпараттандырудың жоғары қарқыны, телекоммуникациялық технологиялардың дамуы мен интернеттің жаһандық желісі айрықша талаптары бар балалар алдынан білім алуда жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Мұндағы неғұрлым тиімді жұмыс формаларының бірі дистанциялық оқыту болып табылады. «Балаға білім бергенде, алыстан жақынға, таныстан жатқа көшіп, жаңа білімді ескі білімге байлап беру керек», – деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, оқыту процесіне жаңа көзқараспен қарау керек. Мемлекетіміздің әрбір азаматы – ұлттық құндылық, әрбір баласы еліміздің ертеңі екенін ескерсек, әрбір мүмкіндігі шектеулі оқушының сапалы білім алып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасау – міндетіміз. Мүмкіндігі шектеулі бір оқушының болса да білім сапасының жоғарылауы ұлтымыздың саналы келешегіне қазіргі уақыттан бастап жинақталынып жатқан қор деп түсінуіміз қажет. Педагог қызметкерлер дамуындағы кемшілігі бар баланы өзімен қатарлас дені сау балалармен бірдей спорттық сайыстарға, түрлі байқауларға қатыстыру арқылы өмірге құштарлығын, танымдық қабілеттерін дамытады. Осы мақсатты орындауда әлеуметтік тәрбие мәселелерін көре білу, сезіну және шешу жолдарын қарастыру, мүмкіндігі шектеулі баланы әлеуметтендіруге қолайлы шарт жасау, кедергілерді мүмкіндігінше жоя білу, орнын толтыру. Мүмкіндігі шектеулі баланы қатарға қосу, әлеуметтендіру үрдісін дұрыс ұйымдастырып, түрлі әлеуметтік кедергіге қарсы тұра алатын тұлғаны қалыптастыруда Ақпараттық компьютерлік құралдардың барлық мүмкіндігін пайдаланамыз.