Мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың техникалық құралдары маңызды

71

Түркістан облысының тұрғындарының назарына мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың техникалық құралдары жөнінде ақпараттарды ұсынамыз. Қазақстанда мүгедектігі бар 705 мың адам өмір сүреді. Күн сайын олар әр түрлі кедергілерге тап болады. Мәселен, оңалтудың техникалық құралдарына тапсырыс беру барысында, жеке көмекшілерді таңдауға байланысты қиындықтарға кезігіп жатады және олар инватакси қызметтерін әлі де толыққанды қолдана алмай жүр.

Осы және өзге де мәселелерді шешу үшін өткен жылы Үкімет 2025 жылға дейін мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қорғап, өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспарды қабылдады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы, оның мүгедектігі бар адамдарға пайдасы және өзге де мәселелердің шешімі жайлы  айтып берді.

– Әлеуметтік қызметтер порталы ағымдағы жылдың қаңтар айында іске қосылды. Порталдың (aleumet.egov.kz) басты ерекшелігі — профилін, рейтингіні және өзге қолданушылардың пікірлерін ескере отырып, оңалтудың техникалық құралдары (ОТҚ) мен қызметтерді өз бетінше таңдау мүмкіндігі. Екінші артықшылығы – уақыт үнемдеу. Мысалы, бұрын мемлекеттік сатып алу арқылы тапсырыс беру процессі күрделі болатын, осыған байланысты мүгедектігі бар жанға кейде ОТҚ-ны 6 айға дейін күтуге тура келетін. Ал бүгінде Порталда тапсырыс берген сәттен бастап үйге жеткізуге дейінгі уақыт 15 күннін шамасында болып отыр. Ал жеткізу қызметі мемлекет есебінен төленеді.

Бүгінгі күні Порталда тіркелген 759 жеткізуші бар, оның 734-і арнайы әлеуметтік қызметтерге, ал 24-і ОТҚ-ға бағытталған. Бүгінде бұл интернет жүйе арқылы ел бойынша 19 мыңнан астам тауар берілді. Енді жеке іріктеуді қажет етпейтін 55 ОТҚ-ның 24-і Портал арқылы берілуде, ал 2021 жылдың қаңтарынан бастап жеке таңдауды қажет ететін техникалық құралдар да қолжетімді болмақ.

Портал арқылы барлық қызметтер мен оңалту құралдары мемлекетпен кепілдендірілген сома аясында тегін ұсынылады. Аталмыш соманы арнайы комиссия тұтынушылардың бағалауы мен сапасы бойынша сенімді деп танылған тауарлар мен қызметтердің орташа құны негізінде анықтайды.