Даму мүмкіндігі шектеулі балалар туралы ұғым және олардың даму ерекшеліктері
Түркістан облысының тұрғындарының назарына ерекше қажет ететін баланың денсаулығына байланысты құрылған мектепке дейінгі, жалпы және кәсіби білім беру жөнінде ақпараттарды ұсынамыз. Арнайы білім беру жүйесіндегі арнайы білім беру — арнайы оқытуда және тәрбиелеуде ерекше қажет ететін баланың денсаулығына байланысты құрылған мектепке дейінгі, жалпы және кәсіби білім беру болып табылады. Қазіргі арнайы педагогика негізнен жалпыға бірдей әлеуметтік қалыпқа сәйкес емес және мектептегі білім алу деңгейіне сәйкес емес мәселесін зерттейді. Арнайы білім беру мекемесі дамуында денсаулығы шектелген балаларды оқытып тәрбиелеу мекемесі болып табылады. Даму мүмкіндігі шектелген балаларды тәрбиелеу үшін олардың жалпы сипатын, кемістік құрылымы мен түрін, сондай-ақ жас ерекшеліктерін талдап алғанымыз жөн.
Даму мүмкіндігі шектелген балалар тобына психикасы мен дене бітімінде түрліше ауытқулары бар және жалпы дамуы бұзылған балалар жатады. Аномальды дегеніміз — ол anomalos грек тілінен қате, теріс, дұрыс емес деген мағынаны көрсетеді. Бір қызметтің кемістігі немесе дефектісі тек белгілі бір жағдайда ғана баланың дамуына әсерін тигізеді. Бір кемістіктің болуы бала организмінің кеміс дамуын анықтамайды. Мысалы, бір құлағы естімесе немесе бір көзі көрмесе — бұл міндетті турде кемістіктің дамуына әкелмейді, өйткені бұл жағдайда баланың жалпы көру, есту мүмкіншілігі бұзылмай сақталады. Аталмыш кемістіктер баланың қоршаған ортамен қарым-қатынасын бұзбайды және оқулықтардағы тақырыптарды оқуына, жалпы білім беретін мектептерде оқуына кері әсерін тигізбейді. Сондықтан, бұл дефектілер бала организмінің кеміс дамуының себебі болып есептелмейді. Айталық, белгілі бір жасқа келген ересек адамның организмінде пайда болған кемістік немесе дефект жалпы ауытқуға әкелмейді, өйткені оның психикалық даму процессі қалыпты жағдайда өтті.
Сондықтанда, аномальды балалар тобына кемістік салдарынан дене бітімінің және психикасының дамуы тежелген немесе бұзылған, және арнайы оқыту мен тәрбие қажет ететін балалар жатады.
Даму мүмкіндігі шектелген балалардың негізгі категорияларына жататындар:
1. Есту қызметі бұзылған балалар (керең немесе саңырау, нашар еститін, кеш естімей калғандар);
2. Көру қызметі бұзылған балалар (соқыр, мүлде көрмейтін, нашар көретін);
3. Сөйлеу қабілеті бұзылған — логопаттар;
4. Интеллект немесе ақыл-ой, сана-сезімінің дамуы бұзылған балалар (ақыл-ойы кеміс және психикалық дамуы тежелгендер);
5. Психикасы мен дене бітімінің дамуы комплексті түрде бұзылған (соқыр мылқаулар, көрмейтін, естімейтін, ақыл-ойы жетілмеген және т.б.);
6. Тірек-қимыл аппаратының кызметі бұзылған;
7. Психопатиялық түрде жүріс-тұрысы, мінез-құлығы бұзылған балалар жатады.