Масылдық көңіл-күйді қалай азайтамыз?

74

Түркістан облысының тұрғындарының назарына патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі жайында мақаланы ұсынамыз. Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек» деген еді мемлекет басшысы. Одан бері не өзгерді? Қоғамның кей санатындағы азаматтарды масылдық психологиядан арылту тетіктері қандай? Бүгінгі мақалада осы тақырыпты сүзгіден өткізіп, талқыға саламыз.

Президент жолдауынан соң іле-шала сұхбат берген сол кездегі Қазақстан Президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Бізде мектеп бітірген соң мемлекеттің назарына ілінбей қалатын жастар бар. Олар мектепті нашар оқығандықтан жоғарғы оқу орнына түсе алмайды. Жоғары білімі, тәжірибесі болмағандықтан оларды жұмысқа алмайды. Олар не істейді? Қылмысқа барады я масыл болады» деген еді. Бұл сөз біраз жастың қытығына тиді. Жалпы, көп көзіне көрінбесе де республикалық және жергілікті бюджет қаржысынан масылдық көңіл-күйді азайтуға аз болса да қаржы бөлінеді. Мемлекет басшысы сынға алып отырған жайт  сол қаржының дұрыс игерілмеуі. Жұмыссыздықты азайту үшін түрлі оқу орындары жеңілдетілген, тіпті, бюджеттік бағдарламалар арқылы маман дайындайды. Жұмыспен де қамтылады. Бұл істі жүзеге асыру барысында жергілікті әкімдіктің жүктемесі еселеп артады.

Мәселен, болжамды түрде мәселенің түйінін тарқатып көрелік. Масылдық көңіл-күйге әсер ету үшін аталған санатқа жататындар жиі шоғырланған аудандардан, облыс емес, аудандардан жұмыс бастаған жөн. Сонда ғана жалпылама деректерден, көмек беруден сәл де болса арылып, жалқыға көшеміз. Жұмыс көріне бастайды. Нәтижелі істі көрген өзге азаматтар өздері келетін дәрежеге жету керек. Ол қалай десеңіз, мемлекеттен беріліп жатқан әлеуметтік көмектерді қолжетімді етіп, сол бойынша психологиялық «шабуыл» жасаған дұрыс. Бұл саланы зерттеп жүрген азаматтар, мемлекет көмегімен масылдық көңіл-күйді түбегейлі болмаса да айтарлықтай деңгейде жеңуге болатынын айтады. Оларды жетектеп оқуына түсіріп, жұмысына кіргізіп, былайша айтқанда, балық ұстап бермей, қолына қармақ ұстатқанда ғана қимылдай бастайды.

«Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс» – деген Мемлекет басшысы тиісті азаматтарға арнайы тапсырма берген еді. Яғни, жаңадан жазылып жатқан Әлеуметтік кодексте жоғарыда айтылған немесе сол іспетті мәселелер шешімі майшаммен қаралуы керек.